Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде "Ұлт мұрасы – руханият өзегі" атты көрме өтіп жатыр. Көрменің мақсаты – мәдени құндылықтарды халық игілігіне қайтару бойынша құқық қорғау органдары мен музей тарапы атқарған жұмыс нәтижелерімен қала тұрғындары мен қонақтарын таныстыру.              

Қазақстандық Александр Роговик бастаған қылмыстық топ 2012-2017 жылдар аралығында Қазақстанға жалған құжатпен тарихи-мәдени, көркемдік маңызы бар заттар, бейнелеу өнері туындылары мен антикварлық бұйымдарды кіргізген. Контрабаншылар зергерлік бұйымдар мен антикварлық заттарды әлемдік бәссаудалардан сатып алып, Алматыға әкеліп сатқан.

Тергеу барысында қылмыстық топтан құны 1,6 млн доллар болатын 42 кг зергерлік бұйым мен бағасы 106,7 млн теңгелік 43 антиквариат пен картиналар тәркіленді. Кедендік төлем мен салық төлемегені үшін келген шығын мөлшері 60 млн теңгені құрайды. Қылмыстық топ мүшелері экономикалық контрабанда үшін сотталды. Қылмыстық топ ұйымдастырушылары 7 жылға сотталса, тағы үш адам темір тордың ар жағына тоғытылды.

5 жылдан кейін тәркіленген осы заттар қазақстандықтардың назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, көрмеде тәркіленген тарихи-мәдени, көркемдік маңызы бар заттар, бейнелеу өнері туындылары мен антикварлық бұйымдар, діни мазмұндағы кітаптар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары алғаш рет ел назарына ұсынылды.

Музей қорына 360 зат өтті, оның ішінде 100-і – картиналар. Солардың бірі – XVII ғасырда жазылған картина – атақты голланд суретшісі Герард Даудың "Скрипкашы" атты картинасы.

Герард Даудың "Скрипкашы" картинасы. Фото: Тахир Сасықов

Сурет өнеріне Дау бала кезінен қызыққан, оның алғашқы ұстазы өз әкесі болған. Кейін ол бірнеше шебердің алдынан тәлім алып, 1628 жылы атақты Рембрандт ван Рейннің сурет мектебіне оқуға түскен.

"Үш жылдың ішінде Дау өз ұстазынан көп білім алып, кейін оның ең дарынды шәкірті ретінде танылды. Суретшінің картинасында кездесетін детализацияға таңғалмау мүмкін емес. Көп затты лупамен салған деседі", – дейді музей қорларын сақтау бөлімінің басшысы Маржан Жүнісова.

Балалар "Скрипкашыны" тамашалап тұр. Сурет: Тахир Сасықов

Музей мұрағатына өткен тағы бір туында – бағалы тастар алмаз бен рубиннен жасалған мына бір зергерлік туынды.

"Пасха жұмыртқаларының ішінде тосын сый бар. Үлкенінде малахиттен жасалған құты бар, ол жаққа хош иісті майлар сақтаған сияқты. Кішкентай жұмыртқасының іші барқыттан жасалған, ішінде бриллиант, маржан мен рубиннен жасалған бума бар", - деді Маржан Жүнісова.

Фаберже.  Сурет: Тахир Сасықов

Сондай-ақ Құран Кәрім, XIX ғасырдың соңында жазылған Библия, Евангелия, 1857 жылы шыққан иврит және ағылшын тілдеріндегі дұғалар жинағы, православиелік иконалар бар.

"Құдай ананың тихвиндік иконасы» мен Әулие Николай Ғажайып жасаушының образы бар. Екі икона да XVIII ғасырға жатады", – деді деректану және қолжазба бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Белтенов.

Құранның араб тіліндегі нұсқасы рулонға оралған. Оның ішінде 114 сүре бар, атаулары қызыл сиямен жазылған. Қасиетті кітап XVII-XVIII ғасырларға жатады.

"Қолжазба жинақ таңғалдырмай қоймайды. Оның көлемі 4,2-де 2,5 см. Кітап 247 беттен тұрады. Мәтін Кәлимадан басталып, Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелерімен аяқталады. Қолжазба ағаштан жасалған қорапта тұр. Бірегей жазба XIX ғасырға жатады", – деді Жасұлан Белтенов.

Washington and Lee деп аталатын қос пистолет те көптің көңілін жаулады. Олар Англияда шамамен 1774-1776 жылдары жасалған. Авторы – шебер Мэттью Баркер.

"Пистолеттер АҚШ-тың көне қарулар комитетінің қатаң бақылауымен дайындалды. Түпнұсқасын Американың экс-президенті Джордж Вашингтон ұстаған. Осынау пистолеттің әлем бойынша тек үш көшірмесі бар делінеді, солардың бірі мына біздің музейде", – деді Маржан Жүнісова.

Джордж Вашингтон қаруының көшірмесі. Сурет: Тахир Сасықов

Сондай-ақ француздық тас сағаттар, нэцкэ статуэткасы, фарфор вазалар, шахмат және тағы басқа артефактілер бар.

Экспонаттардың жалпы құны – 360 млн теңге. Әлемдік өркениеттің асыл жауһарлары қойылған көрме 14 қыркүйекке дейін жалғасын табады.