Соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар санының өсу қарқыны Алматы облысында 0,6 пайызды құрап, өткен тәулікте 99 жағдай тіркелген. Инфекциялық стационардың толымдылығы 43 пайыз, реанимациялық төсектер толымдылығы 15 пайыз. Соған орай, инфекциялық стационардағы төсектер саны 412-ге көбейтіліп, қазір саны 1 550 бірлікке жеткізілді.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста коронавирус жұқтырған науқас санының өсуіне байланысты карантин режимі күшейтілді. Мектепке дейінгі мекемелердің, қоғамдық тамақтану орындарының, діни ұйымдарының, қоғамдық моншалар мен көліктің жұмысы сағат 17.00-ге дейін, ойын-сауық нысандары мен мейрамханалардың жұмысы сағат 21.00-ге дейін шектелді. Ал демалыс күндері облыста локдаун енгізіледі.

"Алматы қаласы мен облыс арасында халық көші-қонының жиілеуіне байланысты қала маңындағы Жамбыл, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында ауру деңгейінің біршама өсуі байқалады, бас санитарлық дәрігерлер шектеу шараларын күшейту жөнінде жекелеген қаулылар қабылдады", – деді өңір басшысы Амандық Баталов.


Оқи отырыңыз: Алматыда ауруханаға тәулігіне 300 науқас коронавируспен жатқызылса, локдаун енгізіледі


Өңірде карантиндік шараларды сақтау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. 1 қаңтардан бастап 6797 рейд барысында 449 карантиндік режимді бұзу анықталды, 410 хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салу 30 егу пунктінде жүргізіледі, 6 883 адамға екпе жасалды.

Қазір Алматы облысы "сары" аймақта тұр. Ауруханаларда 685 адам ем қабылдап жатыр, олардың 22-сінің жағдайы ауыр.