Тікелей эфир

Қазақстанда күзетші мен қара жұмысшыға сұраныс көп, ең қажетті мамандық. Жаңалықтарға шолу

Сурет patrul.kz сайтынан алынды
Сурет patrul.kz сайтынан алынды
Ақтөбеде 52 өзбек тірілей өртеніп кеткен автобустың жүргізушілері сотталды. Демалыс күндері Қазақстанда қар жауып, бұрқасын болады.

Шымкент әкімі диванда жатып, әлеуметтік желіде пікір қалдыратындарға шағым айтты

Ғабидолла Әбдірахымов әкімдіктің жұмысын мінеп-сыйнайтындарға әуелі төсегін жинап, артынан шынаяғын жуып алыңдар деп кеңес берді. Ол өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында интернетте жағымсыз пікір жазбауға шақырды.

"Бір жұмыс жасалса, оны нашар дейтін адам табылады. Ал, жасалмаса – қол қусырып отыр дейді. Біздің міндетіміз – халықтың өмірге, жұмысқа деген махаббатын, жарқын болашаққа сенімін ояту, бүгінгіден ертеңгі күні жақсы болатынына үміттендіру", – дейді әкім.

Ақтөбеде өртеніп кеткен автобус жүргізушісі 5 жылға сотталды

Өзбекстанның 52 азаматы қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша 3 адамға (Б.Таңатов, Н.Қырғызбаев, М.Пернебеков) жаза тағайындалды. Ал, тасымалдаушы компанияның құрылтайшысы жағынан екі адам (Н.Телепбаев, Б.Пердебаев) 3,5 жылдан бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандардың бесеуінен де қаза тапқан өзбекстандықтардың кейбіріне 2 млн теңгеден моралдық шығын талап етілді. Айыптаушы тарап жүргізушілерге тағайындалған жазаны тым жұмсақ деп есептейді. Сот шешіміне аппеляциялық шағым жолдамақшы.

Астана мәслихаты мұғалімдердің жалақысын көтеруге 1 млрд астам шығынды мақұлдады

Елорданың 2018 жылға арналған бюджетінің көлемі 43,2 млрд теңгеге артты. Басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған: білім, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт.

Білім саласына бөлінген 1 млрд 370 млн теңгенің 1 млрд 9 млн теңгесі мұғалімдердің жалақысын көтеруге жұмсалады.

Күзетші мен қара жұмысшы – ең тапшы мамандық

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ жүргізген мониторинг нәтижесі осындай. Жұмыс берушілер тарапынан сондай-ақ мұғалім, мейірбике, санитар, жүргізуші, тазалықшы, қосалқы жұмысшы мамандықтары ең көп сұранысқа ие болған. Ал, заңгер, программист, қаржыгер, курьер мен бастауыш мұғалімдері өте көп мамандық тізіміне еніпті.

Жүкті әйел күрделі отадан кейін табиғи жолмен босанды

Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың дәрігерлері өлім аузындағы жүкті әйелді аман алып қалды. Дәрігерлер оның ені 10 см-ге, диаметрі 40 см-ге ұлғайып кеткен тоқішегіне шұғыл ота жасаған. Мамандар мұндай отаның Қазақстанда алғаш рет жасалғанын айтады. Жүктіліктің 32 аптасында жасалған ота сәтті аяқталды. Арада бес күн өткеннен кейін жүкті әйел сәбиін табиғи жолмен дүниеге әкелген.

АҚШ-тан келген мұғалім жұмыстан қуылды

Астанадағы QSI (Quality Schools International) халықаралық мектебінің мұғалімі "орынсыз әрі кәсібилігіне жат" әрекет жасаған. Жағдай Алматыдағы сапар кезінде болған. www.infostevemyersjackson.org сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Стивен Своруп Джексон Астана қаласында сабақ беріп жүріп 2 қараша күні студенттің денесіне "орынсыз қол тигізген". БҒМ вице-министрі Э.Суханбердиеваның сөзінше, шетелдік қызметкер жұмысқа еңбек заңнамаларындағы тәртіпке сәйкес қабылданған. Бұрын сотталмағандығы туралы анықтамасын әкелген.

Сайтты Джексонның бұрынғы әріптестері мен сексуалдық сипаттағы зорлықтың құрбаны болған студенттер жасаған екен. Мұндағы ақпарат бойынша, Стивен Джексон тегін өзгерткен, оның есімі – бұрын Стивен Мейерс болған.

Guardian газетіндегі мақалада 2011 жылы Джексонның Лондон колледждерінің бірінде студентке орынсыз тиіспек болғаны үшін жұмыстан қуылғаны жазылған.

Білім және ғылым министрлігі қазір оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр.

Сенатор оқушыларды сергітетін, көңілдендіретін заттардан қорғануға шақырды

Б.Жұмағұлов иіскегенде сергітетін заттардың ашық сатылып жатқанын, оқушылар арасында оларды пайдаланушылардың көбейгенін айтады. Сенатор сондай-ақ энергетикалық сусындарды оқушыларға сатуға да тыйым салу керек дейді. Еліміздің Бас дәрігері Ж.Бекшин бұл тұрғыда ІІМ-мен бірқатар біріккен шаралар дайындалып жатырғанын айтып, сендірді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Іnform.kz: Демалыс күндері Қазақстанда қар жауып, бұрқасын болады. Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысында жауын-шашын болады.Жаңбыр, жаңбыр аралас қар түсіп, дүйсенбі күні кей жерлерде боран соғады. Бұл күндері солтүстікте ауа температурасы климаттық нормадан 2...5 градус, ал орталық және шығыс облыстарда – 5-10 градус төмен болады.

Baq.kz: Мектептерде қандай пәнге басымдық берілетінін ұстаздардың өздері таңдайтын болды. Бұл туралы Білім және ғылым министрінің орынбасары Э.Суханбердиева мәлімдеді. Жаңа типтік оқыту бағдарламасына сәйкес, бұдан былай математика пәні ме, әлде ана тілінің сағатын арттыра ма, оны мектептегілердің өздері шешеді.

Бағдарлама бойынша дарынды балаларға арналған мектептер мен "Білім-инновация" лицейі (бұрынғы "Қазақ-түрік" лицейі) жұмыс істей бастаған. Вице министрді айтуынша, пәнді таңдауда оқушылар мен ата-аналардың пікірі ескеріледі.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары