Тікелей эфир

"Жиһаз – көпбалалы отбасы табысына жата ма?" Нығматулин лифте журналистке не айтты?

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Мәжіліс отырысынан кейін күзетшілері әдетте Нұрлан Нығматулині қаумалап алып кететін. Бүгін спикер тіпті лифте де сұраққа жауап берді.

Сәрсенбі сайынғы Мәжіліс отырысында бүгін төрт сұрақ қаралып, алты депутат сауалын жолдады. Отырыстан соң әдеттегідей журналистер мәжіліс ғимаратының үшінші қабатына асығады. Себебі, отырысқа қатысқан министрлер, депутаттар, соның ішінде, төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин де негізгі залдың үшінші қабаттағы есігінен шығып, кабинеттеріне тарасады.

Нұрлан Нығматулин күзетшілерімен көзден тез таса болатын. Бүгін ол сәл кідірді. Үшінші қабатқа шыққанымда, әріптестерім оны қаумалап алған екен. Орыстілді әріптестерімнің бірі отырыста қаралған заң жобасы – мемлекеттік қызметтер мәселесі туралы сұрақ қойып жатты.

Бұған дейін қазақ журналистері спикерден атаулы әлеуметтік көмектің неге дауға айналғанын, құжаттардың неге дұрыс қабылданбай жатқанын сұраған еді. Нығматулин депутаттардың бұл мәселені назарға алғанын, құжаттарды қабылдау жүйесінде қиындықтар болғанын айтқан.

Нығматулинмен бетпе-бет қалған журналист ауылдағы қиын жағдайды айтты

Мәжіліс төрағасы күнде кулуарға шыға бермейді дегендей журналистер жан-жақтан сұрақтарын жаудырта кетті. Күзетшілері лифтіні шақырып, есігін ашып дайын тұрды. Нығматулинді қоршаған біраз журналист әлі де болса сұрағын қойып қалуға тырысты.

Төрағаның алдынан кетпей қойған журналисті Нығматулин лифтке ерте кірді. Бірі – басқарушы партия өкілі, бірі – халық өкілі. Арасында бір күзетші.



Нығматулинмен сұхбатты жеделсатыда жалғастырған журналист – КТК арнасының тілшісі Әсел Тұмашқызы. Ол Нұрлан Нығматулинге көп балалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмектің шуға айналғанын және көп ананың көмекке қол жеткізе алмай қалғанын айтып, сұрақ қойыпты.

– Лифтте камерасыз болса да, дәлізде басталған осы сұрақты қойдым. Бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту орталығына барғанда, осы атаулы көмекті алу үшін 4 мыңнан аса өтініш түскенін, олардың арасында тек 90 адамға ғана көмек беріледі деген шешімнің қабылданғанын естідік. Бұл – бүкіл арыз берушілердің тіпті екі пайызына да жетпейді ғой. Сонда, көмекті кімдер алады? Өзім де көп балалы отбасында туып, ауылда өскен адаммын, балалы-шағалы отбасыға қаншалықты қиын екенін білемін, – деді Әсел.

Журналистің айтуынша, Мәжіліс төрағасы бұл мәселені депутаттар көтеріп жатқанын айтқан. Нығматулин сондай-ақ "комиссия өтініш берген отбасылардың жиһазын, тағы да басқа мүлігін табыс ретінде есептемеу керек" депті.


Әсел Тұмашқызы

Әсел Тұмашқызы / Сурет жеке архивтен алынды


Және де Нығматулин атаулы әлеуметтік көмекті есептейтін жүйеде олқылықтар барын, сондықтан жетілдіру жұмыстары жүріп жатқанын айтқан. Нығматулин "комиссияның толық жұмысы әлі аяқталған жоқ" деді, яғни, бүкіл арыз беруші адамдар арасынан нақты неше адамның көмекке ілінетіні алдағы уақытта ғана белгілі болады екен.

Бәріне "кінәлі" – е-halyk

Депутат Бейбіт Мамраевтың айтуынша, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен елорда әкімдігінен атаулы әлеуметтік көмек туралы мәселе шешімін таппаған соң, 11 және 15 сәуір күндері Нұр-Сұлтан қаласында бір топ көп балалы әйелдер Парламент мәжілісіне келген. Депутаттар министрліктің өкілдерін шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, олардан жазбаша арыз қабылдап, бүгін сол арыз-шағымдар негізінде Бейбіт Мамраев пен әріптестері премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады.

Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмекке ілінбей қалғандар неге наразы болып жүр? Қандай қордаланған мәселе бар?

– 2019 жылдың 6 наурызында елдің тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үкімет алдына нақты тапсырма беріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, көп балалы отбасыларға тез арада, осы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек беруді тапсырған болатын. "Нұр Отан" сьезінің 18-ші сессиясында Елбасы сондай-ақ осындай отбасыларға тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы 3-5 пайызбен үй берудің жеңілдік беретін тетігін әзірлеуді тапсырған.

Алайда, орталық уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың бұл тапсырманы уақытында орындамауы – әлеуметтік көмектен үміттенгендердің наразылығын тудырды. Әуел баста халыққа атаулы әлеуметтік көмек алу үшін бір ғана құжатты – жеке басының куәлігін ғана көрсету жеткілікті деп айтылған. Алайда, іс жүзінде олай болмай шықты, – дейді депутат.


Депутат Бейбіт Мамраев

Депутат Бейбіт Мамраев / Сурет zakon.kz порталынан алынды


Бұдан бұрын айтылғандай, бүгін депутат Мамраев та қайталап өткендей, көп құжат жинауға "е-halyk" атты ақпараттық жүйенің сапасыздығы себеп болған.

"Мекен– жай реестрінде арыз берушінің мекен-жайы, үйінің нөмірі, отбасының тіркелген пәтері көрінбейді. Себебі, "е-halyk" – жер кадастры, жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесімен ықпалдастырылмаған. Сондай-ақ, жүйе "форма-4" бойынша ақпарат бермейді, яғни, әкелікті растау, алименттер бойынша мәлімет, 2017 жылдың 13 тамызына дейін туған балалардың туу туралы куәліктерін көрсетпейді. Оның үстіне, мәліметтер үнемі дұрыс бола бермейді. Мысалы, сегіз адамнан тұратын отбасы, яғни, алты баласы бар отбасы базада төрт адамнан тұратын отбасы болып, әлеуметтік жәрдемақы базада жалақы ретінде көрініп кеткен. Бұл – тек бізге жеткен фактілер ғана".

Депутат атап өткендей, осының бәрі халықтың ашуын туғызып, әуреге салып жүр. Халық жергілікті әкімдіктерден нақты ақпарат ала алмаған.

– Тағы бір мәселе – бүкіл ақпарат халыққа түсінікті тілмен айтылмайды. Ал, парламент тиісті заңды қабылдап қойған, қаржы да бөлінген. Біз оны көп балалы отбасыларға айтып бердік.

Сондықтан, Асқар Ұзақбайұлы, сізден сұрайтынымыз:

  • Біріншіден, Елбасы мен Президенттің халықтың мұқтаж бөлігін әлеуметтік қорғау туралы тапсырмасын орындау үшін шұғыл түрде шара қолдануды, осы бағыттағы үкіметтің бүкіл шараларын іске қосуды;
  • Екіншіден, "е-halyk" ақпараттық жүйесінің басқа да мемлекеттік органдардың базасымен бірігуіне шара қолдануыңызды;
  • Үшіншіден, атқарушы органдардың коммуникацияның бүкіл түрін пайдаланып, халыққа түсінікті тілмен ақпарат таратуын қамтамасыз етуді сұраймыз, – деді Мамраев.

Нұр-сұлтандықтар мекен-жайларын автоматты түрде ауыстырады

Айтпақшы, Нұрлан Нығматулин журналистерге мемлекеттік қызметтерді онлайн режимге ауыстыру туралы заңға қатысты ойын айтты.

Жалпы отырыста бұл заңды депутат Майра Айсина бірінші оқылымда таныстырды.

– Заң жобасында мемлекеттік органдардың шешімі бойынша, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің атауы, сондай-ақ ғимараттар мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірі өзгерген кезде жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларына өзгерістерді тіркеу ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы автоматты түрде жүзеге асырылатыны көзделген, – дейді Майра Айсина.

Жуырда атауы ауысқан қалалардың бірі – бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы. Нұрлан Нығматулиннен бұл заңның "нұр-сұлтандықтарға қатысы бола ма" деп сұрадық.

– Болады. Бұл бағдарлама дайындалып жатыр, үкіметпен техникалық жағынан дайын болған кезде, автоматты түрде онлайн режимде тіркеледі, – деп жауап берді Нығматулин.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары