Тікелей эфир

Қызылордада 54 мектепте жағдайы төмен отбасылардың балаларына тегін тамақ берілмеген. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Әлемде қызылша ауруы 300 пайызға артқан. Алдағы тәуліктерде ауа температурасы минус 10°С дейін төмендеуі мүмкін.

FlyArystan Алматыдан Шымкент пен Павлодар бағытына билет сата бастады

Әуе компаниясының күн сайын толық техникалық тексеріс пен салоны реконфигурациядан өткен, 180 орындық Airbus A320 әуелайнерлері осы бағытқа қатынайтын болады. Алматыдан – Шымкентке (ұшу ұзақтығы – 1 сағат 20 минут) билет 4999 теңгеден, Алматы – Павлодар бағытына (жол жүру ұзақтығы 1 сағат 50 минут) 6999 теңгеден сатылады. Билеттерді әуе компаниясының сайтынан броньдауға болады.

17 сәуірде телеарналар мен радиолардың жұмысы уақытша тоқтайды

"Қазтелерадио" АҚ-ның спутниктік, эфирлік телевизиялық және радиохабар тарату желісінде жоспарлы-профилактикалық жұмыстары жүргізуліне байланысты телевизиялық және радио сигнал берілмейді. Теле-радио арналар ертең сағат 03:00-ден 17:00-ге дейін хабарларын таратпайды.

Алматыда автобус екі жолаушыны қағып өлтірді

Қайғылы оқиға Достық пен Юбилейная көшелерінің қиылысында болған. 1967 жылғы ер мен 55-60 жастағы әйел адам бағдаршамның қызыл түсі жанып тұрса да, жолды кесіп өтпек болған. Екеуі де оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Қалалық полиция департаментінің ресми өкілі С.Әзірбек таратқан мәліметке сәйкес, оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы, 4-ші бөлімі бойынша тергеу жұмыстары басталып, сараптамалар тағайындалған. Автобус жүргізушісі ұсталған. "Куәгерлердің айтуынша, ер адамның қолында сыраның бөтелкесі болған. 7 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші бұған дейін сөгіс алып көрмеген" деп хабарлады полиция департаментінен.

Жыл басынан бері әлемде қызылша ауруы 300 пайызға артқан

2019 жылдың басынан бастап әлемде қызылшамен ауырған 112 мың 163 адам тіркелген. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 300 пайызға артық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) сарапшылары аурулардың саны бұдан да көп болуы мүмкін деп дабыл қағып отыр. Айтуларынша, ауырған он адамның орта есеппен біреуі ғана ресми тіркеледі.

Грузия, Конго Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Мадагаскар, Мьянма, Судан, Тайланд, Филиппин, Украина мен Эфиопияда қазір қызылша ауруы дендеп тұр. Соңғы айларда екпе жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген АҚШ, Израил, Тайланд пен Тунисте де бұл аурумен ауырғандар анықталған.

Париждегі Құдай анасы шіркеуінде болған өрт сөндірілді

Notre Dame de Paris атымен әйгілі тарихи ғимаратты шарпыған өрт тоғыз сағат дегенде әзер сөндірілген. От қайта тұтанбасын деп өрт сөндірушілер шіркеудің жанында бақылап тұр. Жергілікті полиция оқиғаны әзірге қайғылы жағдай деп қарастырып отырғанын жеткізді. Өрттің себебі тарихи ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарымен байланысты болуы мүмкін.

Франция президенті Эммануэль Макрон халыққа үндеуінде шіркеу қайта қалпына келтіріледі деп мәлімдеді. Францияның мемлекеттік мәдени мұраларды сақтау қоры бұл мақсатта бүгіннен бастап қаражаттар жинау жұмыстары басталатынын хабарлады.

Қызылордада 54 мектеп жағдайы төмен отбасылардың балаларына тегін тамақ бермеген

Өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 3,6 мың бала мектептен берілуі тиіс тегін ыстық тамақтан қағылған. Облыстық прокуратураның араласуымен құқықбұзушылықтар жойылып, Қызылорда қалалық әкімдігінің білім бөлімінің екі лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

"Қазатомөнеркәсіп" компаниясының жұмысшылары жалақыларын қысқартуға байланысты Тоқаевқа шағым түсірді

Әлеуметтік желіде кәсіпорынның бір топ қызметкері разрядтарын төмендетуге байланысты айлықтары шайлыққа жетпей қалғанын айтып, бейнеүндеу жариялады.

Осыған байланысты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті "Қазатомөнеркәсіп" АҚ-да жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы Елорданың қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына хат жолдады. Ал, "Қазатомөнеркәсіп" компаниясы әлеуметтік-жауапкершілігі жоғары кәсіпорын ретінде барлық қажетті шараларды қабылдады, 15 сәуір күні еңбек дауына байланысты мәселелер реттелді деп хабар таратты.

Сайлауалды дайындық жұмыстарын бақылауға елімізге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері (ЕҚЫҰ) келді

Халықаралық ұйымдардың мүшелері Қазақстанның орталық сайлау комиссиясына кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге қатысты ұсыныстар береді. Бүгін орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев олармен кездесіп, науқанға қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.

Сыртқы істер министрлігі сайлауға шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушыларға шақыру жіберген. Орталық сайлау комиссиясы екіжақты ынтымақтастық аясында 25 шет мемлекеттің сайлау органдарының басшыларын шақырып отыр.

Атырау – Астрахань тасжолының құрылысы мамыр айында басталады

Қазір құрал-жабдықтарды дайындау, ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл айда айналма жолдың құрылысы басталады. Кестеге сәйкес, тасжолдың 60 шақырымдық құрылысы 2 жылға жоспарланған. Биыл оның 23 шақырымын аяқтау жоспарланыпты.

Қалған 217 шақырым жолды қалпына келтіру және дамыту Еуропалық банк есебінен жоспарланған. Қазір мердігерлерді анықтау мақсатында байқау шаралары жүргізіліп жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Мамыр айында "Петропавл – Мәскеу – Петропавл" рейсі ашылады. Облыс әкімі баспасөз қызметінің Инстаграмдағы ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, рейс апта сайын сәрсенбі күндері ұшады. Ұшақтар Петропавлдан таңғы 8-де, Мәскеуден 00:50-де ұшады. Ұшу уақыты – 3 және 4 сағат. Билеттер құны – 45 990 және 47 253 теңге.

Baq.kz: Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығарады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі экспорттық тауарлары – ферроқорытпа, өңделмеген мырыш, тазартылған мыс, уран, мұнай газдары, трансформаторлар және аккумуляторлар (шикізаттық емес экспорттың 51%-ын металлургия ға тиесілі). 2018 жылы дайын өнімнің экспорты 16%-ға (485 млн АҚШ доллары) артқан.

24.kz: Алдағы тәуліктегі ауа райы қандай? Бірқатар өңірде жауын-шашын, жылбысқы қар, тұман, көктайғақ күтіледі. Сондай-ақ ауа температурасы 2...минус 10°С дейін төмендеуі мүмкін. Оңтүстік облыстарда да құбылмалы ауа райы болады. Орталық Азия аймағынан жылжитын циклон және Қазақстанның солтүстік аймағынан суық арктикалық фронтпен бірге келген жаңбыр кей жерлерде қатты жауады және найзағай күтіледі. Ауа температурасы бұдан орташа көпжылдық мәннен 2…6°С төмен, оңтүстікте нормаға дейін төмендейді.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары