Тікелей эфир

"Нұрлы жермен" несие беруге 28 млрд теңге бөлінді. Жаңалықтарға шолу

Ішкі істер министрі азаматтарды бәріне Үкіметті кінәламауға шақырды. 1 қыркүйекте 6 жасқа толмаған балалар мектепке бара алады.

Қаңтарда қазақстандықтар отандық автокөліктерді сатып алуға 15,8 млрд теңге жұмсаған

Бұл былтырғы жылғыдан 2,2 есеге көп. Жылдың алғашқы айында елімізде жалпы құны 21 млрд теңге тұратын 3227 автокөлік шығарылды. Осы мерзімде 15,8 млрд теңгеге 2389 көлігі сатылған. Елімізде құрастырылған жеңіл көліктердің арасында сұраныс бар брендтердің бестігіне Lada, Hyundai, KIA, Chevrolet және Skoda кіріп отыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой қызметінен босатылды

Министрлік басшысының бұрынғы орынбасары ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы болып тағайындалды.

Ішкі істер министрі азаматтарды бәріне Үкіметті кінәламауға шақырды

ІІМ су жаңа министрі Е.Тұрғымбаев "өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға ең бірінші тұрғындардың өзі жауапты. Бұл мәселеге қатысты іс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылғанмен, "времянкалардың" көптігі жағдайды ушықтырып отыр", – дейді.

Е.Тұрғымбаев журналистерге бұрынғы Министр Қ.Қасымов секілді саладағы көкейкесті сұрақтарға жауап беруден жалтармауға уаде берді.

Тариф төмендетілгенмен, қымбатшылық халықтың қалтасын қағып тұр

Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев коммуналдық кәсіпорындардың басшыларына сұрау салды. "Сіздер тарифті төмендеттік дейсіздер, ал халық оны байқамағанын айтады. Ең бірінші кезекте тарифтің төмендегенін халықтың қалтасы сезуі керек", – деді облыс әкімі.

Б.Сапарбаев осы мәселеге қатысты жұмыс тобына пәтерлерді аралап, түбіртектерді тексеріп, салыстыруға тапсырма берді.

"Нұрлы жермен" несие беруге 28 млрд теңге бөлінді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж.Қасымбектің айтуынша, бұл қаражат "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің" салымшыларына жылдық 5% бойынша бастапқы жарнасы 20%-бен 25 жыл мерзімге несие беруге бағытталады. Биыл банк 3 мыңнан астам салымшыға "Нұрлы жер" бағдарламасымен баспана алуға несие бере алады.

Мәселен, екі бөлмелі 60 шаршы метрлік 8,4 млн теңге тұратын пәтердің ай сайынғы төлемі шамамен 60 мың теңге болады.

Журналистерді аккредитациялау тәртібі өзгертіледі

Ақпарат және коммуникация министрі Д.Абаев БАҚ өкілдерін жаңа ережеге сәйкес байбалам салмауға шақырды. Бұған дейін мұндай тәртіпті енгізуге бас редакторлардың қолқа салғаны түрткі болғанын мәлімдеп, бірақ олардың атын атаудан бас тартып отыр.

Д.Абаев жаңа тәртіпке қатысты Министрлік журналистерден талап-тілектерді қабылдауға дайын екендігін жеткізді.

Қазақстанда өрттің шығу себебін анықтауға арналған ғылыми орталық құрылады

"Ұлттық ғылыми зерттеулер, азаматтық қорғау саласында даярлау және оқыту орталығы" аталатын жаңа акционерлік қоғам Төтенше жағдайлар министрлігінің "Өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс ғылыми-зерттеу институты" АҚ және "Азаматтық қорғау республикалық оқу-әдістемелік орталығы" ЖШС қайта ұйымдастыру негізінде құрылып отыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: 1 қыркүйекте 6 жасқа толмаған балалар мектепке бара алады. 2020 жылы еліміз бойынша барлық мектептер мен балабақшаларда 0-сыныптар ашылады. Алайда, қолданыстағы Білім туралы заңнамада балаларды 6 жастан 1-сыныпқа баруға міндеттейтін норма бар. Заңның аталмыш нормасына өзгеріс енгізіледі.

Baq.kz: Биыл 1300 елді мекен кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіледі. Ақпарат жән коммуникациялар министрі Д.Абаевтың айтуынша, 2018 жылы 144 мыңнан астам адамды қамтитын 56 ауылды елдімекен сапалы интернетпен қамтылды. 1249 елді мекенді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету барысында 20 мың шақырымға жететін талшықты-оптикалық желі құрылысын салу жоспарланып отыр.

24.kz: Доллар сәл арзандады. Қазақстан қор биржасының қорытындысы бойынша бір доллардың орташа бағамы 375,48 теңге болды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары