Тікелей эфир

Ұстаздардың жалақысы қалай есептеледі? Мектеп директорларын 5 жылда бір рет алмастырып тұру керек пе?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Үкімет Үйінің баспасөз орталығында білім саласындағы өзгерістер, мектептің жетіспеуі мен ҰБТ жауаптарының сатылуы жайлы сөз болды.

Брифингті ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова өткізді.

Жалақы қалай есептелмек?

– Жалпы бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын көбейтуге арналған қаржының 75 проценті білім саласына бөлініп отыр. Жалақы 1 маусымнан бастап көтерілетін болады, – деді министр.

Министр жалақының үш категориялық коэффициент бойынша өсірілетінін жеткізді:

  • Негізгі персоналдар – еңбек жолын енді бастаған жас мұғалімдердің, психологтардың, әлеуметтік психологтардың, колледж мұғалімдерінің, бала-бақшадағы тәрбиешілері мен олардың көмекшілерінің,сонымен бірге қосымша білім беру жүйесіндегі қызметкерлердің жалақысы;
  • Екінші, көмекші персоналдар – бала-бақшаның күзетшілері, тазалықшылар және т.б.;
  • Үшінші, басқарушы персонал – мектеп басшылары орынбасарлары мен бала бақша директорлары.

Осыған орай жаңадан енгізіліп жатқан коэффициенттер кестесі 2019 жылдың 1 маусымынан бастап жоспарланған. Жалақы 10-нан 30 пайызға дейін дифференциалды көбейтіледі.


2019 жылы 1 маусымнан бастап оқытушылар жалақысының өсуін көрсететін кесте

2019 жылы 1 маусымнан бастап оқытушылар жалақысының өсуін көрсететін кесте / Сурет Күләш Шәмшидинованың слайды негізінде жасалды


Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап 208 мың мұғалім (70%) білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 30%-дық, біліктілік сынақтарын сәтті тапсырған 60 мың мұғалім 30-50% қосымша ақы алды.

Оқи отырыңыз: Мұғалімдердің жалақысы қалай өседі? Есептейік

Біліктілікті тексеру және біліктілікті арттыру қалай жүріледі?

Педагогтар жылына екі рет – мамыр және қараша айларында тестілеуге қатысады.

2019 жылды қосқанда үш жыл ішінде біліктілік арттыру курстарынан орта білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 144 мың мұғалім, 82 мың психолог және сынып жетекшілері, колледждің инженерлік-педагог 15 мың қызметкері, жоғарғы оқу орнының 2,4 мың оқытушысы өтеді.

Таңдап алынған мектептерде не істеледі?

Министрдің айтуынша, орта білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізуге 765 мектеп таңдап алынған.

Оларда арнайы әдістемеге байланысты, бағалауға және зерттеу жұмыстарына байланысты ең үздік және әлемдік тәжірибелер негізінде тренингтер дайындалып жатыр. Әр мектепте он -он мектептің қызметкерлері жиналып, тәжірибеден өтеді, жаттығады.

Педагогтарға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында 120 мыңнан астам материалды қамтитын жүйелік-әдістемелік кешен (ЖӘК) қазақ және орыс тілдерінде онлайн (www.smk.edu.kz) таратылып жатыр. Оған енді ағылшыншасы да қосылмақ.

Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылында қандай жаңалықтар бар?

Волонтер студенттер қанша жалақы алады?

Студенттерді волонтерлік қызметке тарту туралы жобасы іске аспақ.

– ЖОО-да волонтерлік ваучер (кредиттік ақы төлеу есебі) жүйесін енгізу басталады. 25 сағатқа – 25 мың теңге, яғни екі академиялық кредит есептеледі, 50 сағатқа 50 мың теңге алып, 5 академиялық кредит байынша есептеледі, – деді министр. Осылайша еріктіге әр сағаты үшін мың теңге ақша төленеді екен.

– Студенттер қандай жұмыстармен айналысады? – деген сұраққа Күләш Шамшидинова:

– Балаларға, үлкендерге көмектесу, оқыту, тәрбиелеу, репетитор болу секілді қоғамға пайдалы жұмыстармен айналысатын болады, – деп жауап берді.


Күләш Шәмшидинова

Күләш Шәмшидинова / Сурет informburo.kz


Осы жобаны іске асыру үшін 180 колледж бен 20 ЖОО-ға биылғы бюджетке қосымша 8 млрд теңге қаржы бөлініпті.

Мектептің жетіспеуі мәселесі қалай шешіледі?

Күләш Шамшидинова алдағы 2019-2021 жылдары 190 мектептің салынатынын айтты.

– Алдымен, үш ауысымда жұмыс істейтін, сосын апатты жағдайдағы, содан кейін оқушыларға орын жетіспейтін мектептердің мәселесін шешуге бағытталған, – деді министр.

ҰБТ жауаптары сатыла ма?

Әлеуметтік желі арқылы бізге хабарласқан Zhanarbek Bekbaev деген Аягөз қаласының тұрғыны төмендегідей сауалына жауап алып беруді сұраған болатын.

Ол: "Қазақстан бойынша ҰБТ-ның (ЕНТ) бизнес көзіне айналғаны жасырын емес. Әсіресе, біздің Аягөзде. Былтыр 700 мың теңге мен 1 млн теңге аралығында балл (сұрақтар) саудаланған (Н.Сабильянов мырзаға Баршатас ауылының тұрғындарының айтуы бойынша). Осы мәселені көтергенім үшін биылғы ауданда өтетін ҰБТ кезінде мені ауылдастарыма жексұрын етіп көрсетудің амалын жасап жатқан сияқты" деп жазған.

– ҰБТ нәтижесі мемлекеттік құпияға жатады. Сол себепті ондай жағдай болса заңға жүгіну керек, – деді министр.

Министрдің сөзін Вице-министр Эльмира Суханбердиева жалғастырып, өткен жылы Шымкентте бір рет "тест сату" дерегі болғанын, басқалай мәселе болмағанын айтты. Тіптен, тест сұрақтарының жауабын білу мүмкін емес екен.

Сөзді қайта жалғаған Күләш Шамшидинова кейбір алаяқтардың өтірік тест жауабын сататынын, сосын "балаңыз оқуға "түспей қалса, ақшаңызды қайтарып беремін" деп, түсіп кетсе "мен түсірдім" деп адамдарды пайдаланатынын ескертті.

"Астана" атын өзгертуге қарсы болғаны үшін оқудан шығарылған бала туралы

22 наурызда Астана қаласының атын "Нұр-Сұлтан" деп өзгеруіне қатысты қарсылық білдірген колледж студенті Молдағұл Дамирдің оқудан шығарылғаны хабарланған болатын. Осыған байланысты қойылған сауалған Күләш Шәмшиденова жауап берді.

– Біз ол жайында екі күн бұрын білдік. Дамир деген жігіт. Бізге түскен ақпаратқа сәйкес, ата-анасы баласын алып кету туралы өтінішті өздері берген. Дегенмен, қазір тексеріп жатырмыз. Егер оны заңсыз оқудан шығарылса, заң бойынша тиісті шаралар қолданылады.

"Жүз оқулық" жобасы не болды?

– Қазірге дейін жоғары сапалы 48 оқулық қазақ тіліне аударылды. Аудармаға қатысқан ғалымдар арасында жақсы тілдік ғылыми орта қалыптасып, осы істі жалғастырып жатыр. Олар жоғары оқу орындарына жеткізілді. Осы оқулықтар негізінде лекциялар, видеолекциялар дайындалды. Барлығы университеттердің базасында ашық тұр. Онлайн. Тегін. Жалғасын табады, – деді министр Шәмшиденова.

Оқи отырыңыз: 100 оқулық жобасымен жарық көрген алғашқы 18 кітап сатылымға шығарылмайды

"60 мың бала оқи алмай отыр". Олар кімдер?

Бұл – БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) есебі. Әлеуметтік жағдайының төмендігінен оқи алмай отыр екен.

Осы сұраққа жауап берген Күләш Шамшидинова:

– Мүмкіндігі шектеулі балалар туралы айтып отырсыз ғой. Бізде осы балалар бойынша бірнеше бала бақша жұмыс істеп тұр. Мұнда екі мәселе бар:

Бірінші – ғимаратқа кіру мүмкіндігі, екіншісі – оқу бағдарламасы.

Мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын болса, сол бала үшін қосымша ақша төлеп отырмыз. Болашақта бұл әдісті бала бақшаларда қарастырамыз. Екінші мәселе, бала бақша, колледж, мектептерге баратын балаларға көмекші тағайындауды қарастырып отырмыз, – деді.

"Директорлар 5 жыл сайын ауысып тұруы керек"

Бұл ұсынысты informburo.kz тілшісі қойған болатын.

– Бүгінде мектеп директорларының бес жылдан артық уақыт отыратын жағдайлары өте көп. Соны бес жылда бір рет оқытушылардың дауысы беруі арқылы сайлауға болмай ма? – деді тілшіміз.

Министр жауабында жаңа технологиялардың арқасында мұдай процесстердің ашық жүргізіліп отырғанын айтты.

– Ал директорларды бес жылда ауыстырып тұру туралы ұсыныс, шынын айту керек, маған қатты ұнайды. Бірақ қоғамды білесіздер. Біз қоғаммен ақылдасып, бәрін заңдастыруымыз қажет. Қазір мектеп директорлығына, босаған орындарға конкурс арқылы өтеді. Осыны толықтыруымыз керек. Бір ақылдасып алайық. Шын мәнінде, бұл дұрыс болар еді деп есептеймін, – деді К.Шәмшидинова.

Түлектердің мектеп бітіру кеші қарапайым өту керек

Журналистер түлектер кешінің сән-салтанаты туралы да сұрақ қойды. Министр түлектерді өзара киім бәсекесіне түсіретін, түрлі келеңсіздіктерге жол беретін осындай шараларды тоқтату керек екенін ескертті.

– Сол себепті біз ондай кештердің тек мектеп территориясында ғана өтуін құптаймыз. Артық ақша шашудың да қажеті жоқ. Аста-төк отырыс жасамау керек. Қымбат көйлек алып, қымбат ресторанға шашылудың да қажеті шамалы. Түлектер кеші өзара бәсеке үшін не болмаса ата-анасының байлығын көрсету үшін емес. Бұл – мектеппен қоштасу кеші. Жанға жайлы, жүрекке ыстық, есте қаларлық кездесу өтуі керек. Балалардың, ата-аналары мен мұғалімдердің салиқалы да өнегелі отырысы болуы қажет, – деп атап көрсетті.

Латынға көшу ...

Бұл жұмыспен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі иниституты айналысып жатқанын ескерткен Күләш Шәмшидинова білім саласын латын графикасына көшіруге тоқталды. Ол:

– Ең алдыңғы мәселе – қазақ тілінің оқу жоспарын қайта қарау. Себебі, мұның өзінің ережелері бар. Екінші – мамандарды оқыту мәселесі. Бұл бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі иниститутымен жұмыс жасайтын боламыз – деді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары