Тікелей эфир

Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберді. Жаңалықтарға шолу

Асқар Мәмин ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Доллар бағамы төмендеді.

Қазақ тілінде дыбыстық көмекші құрал технологиясы әзірленді

ҚР Ғылым академиясы жанындағы ақпараттық технологиялар институты сөзді көшіретін технология ойлап тапты. Мұндай технологияны Siri және Алиса роботтары қолданады. Отандық ғалымдардың жобасы кез-келген адамның дауысын тыңдап, оны сол кісінің мәнерімен, екпінімен айнытпай айтып бере алады. Жоба авторларының сөзінше, көзі нашар көретіндерге арналған бағдарламаларды дыбыстау үшін осы жаңа теxнологияны қолдануға болады.

"ҚазАгро" Басқарма басшысы Рүстем Құрманов қызметінен босатылды

Холдингтің Басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушысы болып компанияның бұған дейінгі қаржы жөніндегі басқарушы директоры Елнар Жолдасов тағайындалды.

АрселорМиттал Теміртаудың экологиясын жақсартуға 2 млрд доллар бөледі

Бұл инвестициялардың 40%-ы экологиялық жобаларға жұмсалады. Қалған 60%-ы өндірісті жаңғырту үшін. Компания басшылығы 2023 жылы зауыттың өнеркәсіптік шығарындары екі есеге қысқарады деп уәде беріп отыр. Үш жылдан кейін кәсіпорын өндірісі толықтай еуропалық талаптарға жауап береді.

Шымкентте жас кәсіпкерлерге 1%-бен несие беріледі

Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті әкімдік жоба әзірлеп жатыр. Жобаны сәуір айынан бастап іске қосу жоспарланған. Кәсібін жаңадан бастайтын кез келген 30 жасқа дейінгі азаматқа 1 миллионнан 5 миллионға дейін қарыз беріледі. Оны алу үшін тыңғылықты жасалған бизнес-жоспар керек.

Бұдан бөлек қалада "Бизнеске арналған супермаркет" ашылмақшы. Онда жас кәсіпкерлер салық, жер мәселелерін шеше алады, шағын несиелер рәсімдеп, бизнес жобаларын жасауға көмек ала алады.

Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберді

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы мен халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған заңдардың қабылданғанына қарамастан, Үкімет қажетті көрсеткіштерге жете алмағандығын айтты. Үкіметтің жаңа басшылығы өмір сүру деңгейін арттыру, экономиканы жетілдіру, стратегиялық тапсырмаларды орындауда тиімді шешімдер шығаруы тиіс деп мәлімдеді.

Асқар Мәмин ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметінде болған еді.

Астанада наубайшы, тігінші, шаш қиюшы мамандар тапшы

Елорданың жұмыспен қамту орталығының хабарлауынша, қалада осы мамандықтарға төрт мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Ең жоғары сұранысқа ие мамандықтардың арасында тәрбиешілер, электрдәнекерлеушілер, сауда менеджерлері, бақылаушылар, кассир және даяшылар бар.

Прокурорлар браконьерлерге қатысты негізсіз жабылған істерді қайта жаңғыртады

Мәжіліс депутаты Р.Кимнің айтуынша, Қарағанды және Ақмола облыстарында браконьер үстінен қозғалған бірнеше қылмыстық іс тоқтатылған. Мәселен, 2016 жылы Қарағандыда браконьерлер инспектордың мойнынан пышақпен ұрған. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс процесуалды құқық бұзушылықтарға қарамастан тоқтатылған.

Осындай оқиға Ақмола облысы Қорғалжың ауданында да болған. Бұл жолы браконьерлер инспекторға қару кезенген. Кінәлілер әлі күнге дейін жазасын алмаған. Қарағанды облысында да төрт қылмыстық іс дәлел жетіспегендіктен тоқтатылған екен. Облыс прокурорларына соңғы үш жылдағы заңсыз аң аулауға қатысты сотқа дейінгі істерді қайта тексеру тапсырылды.

ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырғысы келетіндер саны артып отыр

Қазақстанда 24-29 наурыз аралығында көктемгі Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны өткізіледі. Оған 80 мың түлек қатысуға өтініш берген. Қатысушылардың 62,7 мыңы қазақ тілінде, 17 мыңы орыс тілінде, 278-і – ағылшын тілінде тест таспырады. Қаңтарда өткен тестті ағылшын тілінде 61 түлек тапсырған.

"Эйр Астана" АҚШ-қа тікелей рейсті 2020 жылдан кейін ашатындарын мәлімдеді

Әуе компаниясы Жапонияға тікелей рейсті биыл екінші жартыжылдықта ашуды жоспарлаған. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман Склярдың айтуынша, АҚШ-қа тікелей рейс ашу үшін Азаматтық авиация комитеті мен Эйр Астана компаниясы қауіпсіздік критерийлеріне сәйкес Американың авиациялық билігінің аудитінен өтуі қажет. Бұл шамамен 2 жыл уақытты алатын көрінеді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Доллар бағамы төмендеді. Қазақстан қор биржасында (KASE) бейсенбі күнгі сауда-саттықтың таңертеңгілік сессиясында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа бағамы 1 долларға 375,6 теңге болды.

Baq.kz: Еліміздің телеарналары "Домбыра" арнасымен толықты. Телеарна қазір ID tv кабелдік жүйесінде тестілі режимде тұр. Жұма немесе дүйсенбі күні толықтай қосылады. Телеарна жүз пайыз қазақ тілінде 24 сағат бойы қазақ өнері жайлы хабар таратады.

Аstana-akshamy.kz: Астана үй салудан бірінші орында! Барлық қаржыландыру көздері есебінен былтыр қалада тұрғын үйдің 2378 мың шаршы метрі пайдалануға берілсе, 109 мың шаршы метрі (1419 пәтер) "Нұрлы жер" бағдарламасы бо­йынша, 47,2 мың шаршы метрі (481 пәтер) кредиттік тұрғын үй, ал 15,1 мың шаршы метрі (154 пәтер) жалдамалы тұрғын үй негізінде, сол сияқты 47 мың шаршы метрі (784 пәтер) апатты жағдайдағы үйлерді күреудің қанатқақты жобасы аясында салынған.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары