Тікелей эфир

Көпбалалы отбасыларға 1 млн теңгенің баспана сертификаты беріледі. Жаңалықтарға шолу

Үйде отырып банк карточкасын ашуға болады. Қазақстанға аяз қайта оралады.

Мекеме басшылары қарамағындағы жұмысшылардың жемқорлық әрекетіне жауап беретін болады

Бүгін Мәжіліс депутаттары осындай заңды мақұлдады. Егер жұмысшының кінәсі сотта толығымен дәлелденсе, оның басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Оған сөгіс жарияланудан бастап, қызметінен қуылуға дейін жаза тағайындалуы мүмкін.

Көпбалалы отбасыларға 1 млн теңгенің баспана сертификаты беріледі

Алматы облысының әкімдігі бұл мақсатқа бюджеттен қосымша 3 млрд теңге бөлді. Облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік картасы жасалып жатыр.

Облыста көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын ЖОО-на тегін оқыту үшін жыл сайын 100 грант бөлу, көпбалалы аналардың қоғамдық көлікте тегін жүруі сияқты әлеуметтік жобалар қолға алынбақшы.

Мұз айдынына Денис Теннің атын беру туралы петиция қала әкіміне жолданды

Алматы қаласының әкімі Б.Байбекке жолданған ұсынысқа 28 мың қазақстандық қол қойыпты.

Астана мен Алматыда ауаның ластану көрсеткіші нормадан 15 есеге асып кеткен

Ауа сапасының индексі Алматыда – 200 микрограмға, Астанада – 300 микрограмға жеткен. AirKaz жобасының авторы Павел Александров бұл жағдайдың адамдарға өте қауіпті екенін айтады.

Индонезияда ауа сапасы 130 микрограмға жеткенде, қауіптіліктің қызыл деңгейі белгіленіп, мектептер жабылады. Қытайда деңгей 150-ден асқанда зауыттар жабылады. Ондағы тұрғындар ауа сапасы туралы үнемі хабардар болып отырады, арнайы маска киіп алады. Ал, бізде халыққа xабарлап, алдын ала ақпарат таратпайды.

Үйде отырып банк карточкасын ашуға болады

Ұлттық банк қаржылық қызметтерінің онлайн жобасын сынақтан өткізіп жатыр. Ол бойынша азаматтар енді үйден шықпастан банктерден шот ашып, банк карточкасын рәсімдей алады және басқа да қызметтерді пайдаланады. Ол үшін ЖСН енгізіп, банкпен бейне-байланысқа шықса жеткілікті.

Елімізде ажырасуды азайту мақсатындағы шараларға миллиард теңге жұмсалмақшы

Бұл қаражат "Отбасылық сот" пилоттық жобасының аясында іске асатын шараларға жұмсалады. Арнайы ашылған татуласу кабинеттерінде ерлі-зайыптылармен психологтар, педагогтар жұмыс істейді. Жобаны жүзеге асырушылардың айтуынша, бүгінге дейін ажырасуға бел байлаған жұптардың 48%-ы қайта табысқан.

Ілияс Кар 10 жылға сотталды

Алматының Алмалы аудандық соты араққа сылқия тойып алып, жол-көлік оқиғасын жасап, үш адамның өліміне себепкер болған көлік жүргізушісіне осындай үкім шығарды. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады. 7 жыл көлік тізгіндеу құқығынан айрылды. Сотталушы сондай-ақ 3 жәбірленушіге үш миллион теңгеден моралдық шығынды өтеуі тиіс.

Маңғыстауда көпбалалы отбасыларға 100 мың теңгеден беріледі

Бір реттік көлемдегі қаржылай көмек 2019 жылдың екінші тоқсанында беріле бастайды. Облыста жүзеге асырылып жатқан "Бақытты отбасы" жобасының аясында аз қамтылған отбасыларға, жетімдер мен мүгедектерге жеке кәсібін ашу үшін байқау негізінде 500 мың теңгеге дейін гранттар бөлінеді. Сондай-ақ мүгедек балаларды оңалтуға арналған курстардың қаржысын бюджет есебінен төлеу және тағы басқа да қолдау шаралары қолға алынып жатыр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Қазақстанға аяз қайта оралады. Көктемге тән барикалық өзгерістер ақпан айында-ақ байқалады. Өткен тәулікте қарлы боранын ала келіп, Қазақстанның көптеген облысында батыстан күшті жел соғуына себепші болған циклон Батыс Сібірдің оңтүстігіне қарай жылжып барады. Оның орнына Ресейдің Еуропалық бөлігінің оңтүстік-батыс аудандарынан антициклон жылжып келеді, ол жауын-шашынды тоқтатып, күннің суытуына себеп болады.
Baq.kz: Головкинге міндетті қарсылас таңдалды. WBO чемпионы Деметриус Андраде (27-0, 17КО) Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34КО) міндетті қарсыласы болды. Бұл туралы "Қазақстанның кәсіпқой боксы" ВКонтакте әлеуметтік желісінде жазды.

24.kz: Астанада алғаш рет шахматтан әлем чемпионаты өтеді. Бәсеке наурыздың 4-і күні басталады. Оған Қытай, Иран, АҚШ, Үндістан, Ұлыбритания сияқты 20 елдің құрамасы қатысады. Шахмат спортының үздіктері 10 күн бойы өзара мықтыны анықтап, жеңімпаздары рейтингтік ұпай алады. Жерлестеріміз арасынан бұл жарысқа Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдумәлік және Гүлісхан Нахбаева сияқты халықаралық деңгейдегі гроссмейстерлер қатыспақ.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары