Тікелей эфир

Ел аман, жұрт тынышта із-түзсіз жоғалатындар көбейді

Скриншот qamqor.gov.kz сайтынан жасалды
Скриншот qamqor.gov.kz сайтынан жасалды
Жоғалғандар неге оралмайды? Жоғалған адамды қанша жыл іздейді? Артында қалған бала-шағасына әлеуметтік көмек беріле ме?

Бұрын барымташылар жайлаудағы үйiр-үйiр жылқысын олжалап кетіп, санын соғып қалса да, қазақ малына іздеу салатын. Ал бүгінде мал түгілі, тіпті адамдардың жоғалып кеткені жайлы ақпаратқа құлақ үйренгені сондай, селт етпейтін күйге жеттік. Ел аман, жұрт тыныш кездің өзінде жүздеген, мыңдаған адам жоғалып жатыр.

Статистика бойынша, жыл сайын 2500-3000 адам жоғалады. Оның 300-ге жуығы мүлдем із-түзсіз кетеді екен.

Оқи отырыңыз: Екінші мәрте ұрлық жасайтындарға кешірім жоқ. Қылмыстық кодекске ұрлыққа қатысты тағы қандай өзгертулер енгізілді?

Мәселен, 2017 жылы республика бойынша хабар-ошарсыз кеткен 2677 адамның 2358 үйіне қайта оралыпты. Ал 319 адам іздеуде жүр. 2016 жылы 3004 адамға іздеу жарияланып, оның 2617-сі табылыпты. Былтыр Астана қаласы бойынша 323 адамға іздеу жарияланған.

Бұрынғы жылдардан бері іздеуде 1547 адам болған, соның 338-і былтыр табылған.

Үш баланың әкесі үйіне оралмады

Айгүл Уайдың құдай қосқан жары Болатбек Халайханнан көз жазып қалғанына төрт жыл болыпты.

Бір шаңырақ астында тату-тәтті 10 жыл тұрып, үш балалы болған. Отағасы бала-шағаның қамы үшін күні-түні еңбек еткен.

Оқи отырыңыз: Жалған ақпарат таратушылар қалай жазаланады? Қылмыстық және әкімшілік кодекс баптары

– Еті тірі еді. Қолынан келмейтіні жоқ. Адамдармен тез тіл табысып та кететін, – деп айдың күні аманда жоқ болып кеткен жарын Айгүл жыламсырай есіне алады.


Достарымен. Болатбек пен Айгүл сол шетте отыр

Достарымен. Болатбек пен Айгүл алдыңы қатарда, сол шетте отыр / Фото авторға whatsapp арқылы келіп түсті


– Кезінде Астанада мейрамхананы жалға алып, жұмыс істеген. Ол болғанда жоқшылық пен таршылықтың не екенін білмедік, – дейді Айгүл.

2012-2013 жылдары көпшілік жаппай Монғолиядан көлік әкеле бастайды. Болатбек те інілерімен бірге мейрамхана бизнесінің сыртында осы тірлікті қолға алады. Монғолиядан Қазақстан мен Ресейге апарып, көлік сатып жүреді. Алғашқы саудасы да табысты болады.

Оқи отырыңыз: Қыз алып қашу. Ата дәстүрі ме әлде заңмен тосқауыл қояр ескірген салт па?

"Жүрегім бір жамандықты сезді"

– Барға қанағат, үйде қасымызда болшы, алыс жолға шықпай-ақ қойшы деп қаншама рет жалындым. Бірақ менің сөзіме құлақ аспады. 2013 жылы 20 қазанда Өскеменге қарай жолға шықты. Сол жақта бажасының үйінде жатып, бір көліктің құжаты бойынша шаруаларын реттеп жүрді. Күнде сөйлесіп тұрды, – дейді Айгүл.

Желтоқсан айының бесінде "Алматыда жүрмін, Новосібір қаласына билет алдым. Жаным аман болса, үш күн ішінде келемін" деп қоңырау шалыпты.

Содан бері Болатбектен хабар жоқ

Айгүлдің айтуынша, күйеуінің бұрын-соңды ескертпей кетіп қалу деген, не болмаса үйге келмей, дала кезіп жүретін әдеті болмаған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанға заңсыз жолмен келген қытайлық қазақтар бір жылға бас бостандығынан айырылды

– Қолы қалт ете қалса, балаларының қасынан шықпайтын. Балаларын осынша уақыт іздемей жүруі мүмкін емес. Әне келеді, міне келеді деп отырып біраз уақыт өтті. Сол жылы желтоқсан айында бауырымнан айырылдым. Осылай өлім-жітім де қабаттасып кетіп, біраз уақытымды жоғалтып алдым, – дейді ол.

Ақыры еш хабар ала алмаған соң, 2014 жылдың басында Астананың ішкі істер департаментіне арыз жазады.


Болатбек пен Айгүл тұңғыш ұлымен

Болатбек пен Айгүл тұңғыш ұлымен / Фото авторға whatsapp арқылыы келіп түсті


Бүгінде Болатбектің тұңғышы 13-те, кенжесі тоғызда

Әкесі үйден кеткенде оң мен солын білмейтін бес жасар бала еді.

Кезінде аға-інілерімен бірігіп жер алып, салған үйі бүгінде мемлекетке қажеттілікпен күрелген. Төленген өтемақы ағаларынан аспай қалыпты. Қазір Айгүл үш баласымен қуықтай бөлмені жалдап тұрады.

Оқи отырыңыз: Президенттің рақымшылығына кімдер ілігуі мүмкін? Сотталғандар қылмыстық жазадан қалай босатылады?

Айгүл өзі күйеуін қолынан келгенше іздеп те келеді. Жүрген-тұрғандардан сұрастырып, алыс-жақындағы ағайын-жекжатқа да тапсырып қойған.

– Ал полицияның күнде есігін тоздыратын уақытым жоқ. Бір күн жұмысымнан қалсам, балаларым тамағынан қағылады. Ешбір хабары болмаған соң, былтыр ішкі істер департаментіне қайта бардым. Ол жерде алдыңғы жазған арызымды таба алмады. Жоғалып қалыпты, тағы жазыңыз деді. Жаздым, бірақ арызым 2016 жылмен тіркелді, – дейді Айгүл.

Айтуынша, ішкі істер департаменті: "Жолдасыңыз соңғы рет Алматыдан Новосібір қаласына билет алған. Әрі қарай қайда кеткенін білмейміз. Таба алмай жатырмыз"-дан асып ештеңе айта алмапты.

Ресейдің шекарасынан көргендер бар

– Жамағайын жеңгем Болатбекті шекарадан көрдім дейді. "Бір ресейлікке екі машина айдап апарып беруім керек еді. Біреуі өртеніп кетті. Қайта алайын десем ақшам жетпей қалды. Олардың енді маған не істейтінін білмеймін" деп айтыпты-мыс. Ол кісі 2013 жылы желтоқсанның 24-25 күндері көрген.

Монғолиядағы туыстарымыз да сол жақтан жан-жақты сұрастырып отыр. Бірақ еш нәтиже жоқ, – дейді Айгүл.

Жалғызбасты дәрежесі берілмесе үкіметтен көмек жоқ

Айгүл үш баланы бір өзі асырап отыр. Бірақ жалғызбасты ана есебінде жоқ. Себебі, күйеуі қайтыс болған жоқ, ажыраспаған. Сондықтан үкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді.

Шарадай басы шақшадай болған Айгүл, оған ешбір үкіметтік мекеме дұрыс жол көрсете алмай отырғанына өкпелі.

– Бір күні Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. "Үш балам бар. Әкесі жоғалып кетті. Маған қандай да бір көмек бар ма?" деп едім, "расында осындай жылдан бері іздеуде" деген соттың шешімімен әкеліңіз" деп шығарып салды. Маған жол сілтеп, "сізге мемлекет тарапынан осындай-осындай көмек берілуі тиіс. Ол үшін сіз біріншіден мынадай құжат әкеліңіз" деген сияқты жол нұсқайтын жан табылмады, – дейді Айгүл.

Жоғалғандарды кім іздейді?

Елiмiзде дерексiз кеткен адамдарды iздестiрумен iшкi iстер органдарындағы iздестiру бөлiмiнiң қызметкерлерi айналысады.

– Полиция қызметкерлері азаматтардың жоғалғаны туралы түскен әрбір арыз бен хабарлама бойынша дереу анықтау шараларын қабылдайды. Атап айтқанда, іздестіру кезінде жоғалған адамның жоғалу мән-жайлары, өмір сүру салты, туыстық және өзге де байланыстары, оның түр-әлпетінің белгілері, жоғалған адамның соңғы болған орны туралы мәлімет жинайды.

Сонымен қатар, жоғалған адамдарды іздеу кезінде аурухана, мәйітхана мен басқа да арнайы мекемелер тексеріледі, – дейді бізге берген жауабында ІІМ баспасөз қызметі.

Дегенмен, хабар-ошарсыз кеткендердi жылдар бойы "ат үстiнен түспей" iздей беруге мүмкiндiк жоқ.

Азаматтық кодекстің 28 бабына сәйкес хабар-ошарсыз кетті деп тану үшін заң бойынша бір жыл уақыт керек. Егер осы уақыт ішінде адам табылмаса, хабар-ошарсыз кетті деп есептеледі.

Ал үш жылдан кейін, жақындарының өтінішімен сот шешімімен өлді деп жарияланады. Егер сот қайтыс болды деп таныған адам табылып жатса, сот шешiмi қайта бұзылады.

Статистика бойынша әйелдерден көрі ерлер жиі жоғалады

Ішкі істер министірлігі мұны ер адамдардың қызметтік іс-сапарға, уақытша, маусымдық жұмыстарға, автокөлік не жүк тасымалына байланысты алыс жолға жиі аттануымен байланыстырады.


ыва

Жоғалған қарттар мен балалар көп жағдайда табылып жатады/ Фото Zanmedia.kz сайтынан алынды


Балалар да жоғалады

Көп жағдайда берекесіз отбасыларда балалар қараусыз жүріп, кетіп қалады. Ондай отбасында ата-аналары балаларының жоғалғанын кеш байқап жатады.

Сонымен қатар, балалардың компьютерлік ойындарға әуестіктерінен уақытқа қарамай, бәрін ұмытып кететін жағдайлар болады. Кейде ата-аналар тарапынан балаларына аса қаталдық танытып, сабақты күштеп оқытуы сияқты жәйттер бір себепке айналып жатады. Үйде ұрыс естімеу үшін бала мектептен үйіне оралмай қашып, бір жерлерге тығылуды жөн көреді.

Бойдақтар болса...

Ал жастар интернеттің арбауына жиі түседі. Әсіресе кәмелеттік жасқа толмаған қыздар әлеуметтік желінің құрбанына айналады.

Әр түрлі танысу сайттары арқылы табысып, кездесіп, біраз уақыт сол адаммен бірге тұрып қалатын жастар да бар. Әке-шешелері бұл туралы білмей де қалуы мүмкін.

Алайда, жоғалған адамды іздеуде дәл осы интернеттің көмегі көп тиеді. Іздеу салып, еріктілердің басын біріктіретін де осындағы әлеуметтік желі.

Іздеудегілер:

Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитеті капитаны 32 жасар Самат Шакеев былтыр 21 тамызда таңғы сағат жетіде түнгі кезекшілігінен шығып, үйіне оралмаған. Оның соңғы жүріп өткен жерін Шевченко мен Кенесары көшелерінің қиылысындағы Radisson қонақ үйі маңындағы бейнебақылау камераларынан анықтаған. Камераға Кенесары көшесінің арғы бетіне өткені ғана түскен. Таңғы сағат 10-да әйелі хабарласқанда телефоны өшірулі болады.

Самат Шекеев әлі табылмаған. Еш дерек жоқ.


ҮҚК сегіз жыл жұмыс істеген

ҰҚК сегіз жыл жұмыс істеген / Фото ашық ақпарат көздерінен алынды


Жергілікті әскери бөлімде қызмет істейтін ефрейтор Марат Бегалинов Павлодар облысының Ақсу қаласының Астана көшесі №43 үйде 29 маусым күні қонақта болған. Кешкі сағат 22:00 шамасында ол үйден шығып, Ертіс көшесімен шығыс бағытқа бет алған. Әрі қарай оның қайда кеткені белгісіз. Табылған жоқ.

Қайтып оралмаған сарбазды полиция әлі іздейді.


Мараттың жоғалғаны туралы әпкесі Сәуле хабар берген

Мараттың жоғалғаны туралы әпкесі Сәуле хабар берген / Фото ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі Мараттың парақшасынан алынды


Жоғалған адамдар туралы республикалық арнайы база бар

Ол ҚР Бас прокуратурасының жанында құқықтық статистика мен арнайы есепке алу комитетінің сайтында жарияланған. Қазақстан бойынша жоғалып кеткен адамдар туралы бар мәліметті осы жерден табасыз.

Біреулер тірі, біреулер өлі табылады

Былтыр бірінші маусымда Алматыда 22 жасар студент Арман Нұржанұлы диплом қорғауға бір күн қалғанда жоғалып кетті. Іздеуге полицейлер мен курстастары және еріктілер қатысқан. Студент сегізінші маусым күні Шымкенттен табылды. Ес-түсін білмейді.

22 сәуірде Ақмола облысында ЭКСПО-қалашығы нысанының күзет басшысы Берік Құсайынов із-түзсіз жоғалып кетті. Іздеу жұмыстары арада бірнеше ай өткенде 16 шілде күні ғана нәтиже береді.

Мәйіті Сабынды ауылдық округі, Қорғалжың ауданынан бес шақырым қашықтықтағы Алғабас ауылының жанындағы Нұра өзенінен "Тойота Рунер" маркалы көлігі ішінен табылған.

Ойын-сауық қуып кететіндер де бар

Алматы облысында 24 жастағы Сандуғаш Бақтиярқызы да былтыр 28 желтоқсан күні үйінен шығып, сол күйі хабарсыз кеткен. Арада бір апта өткенде танысының үйінен табылды.

Жас келіншекті тек тума-туыс емес, күллі Түрген ауылы сабыла іздеген. Отбасындағы кикілжіңге бола, шиеттей екі баласы мен күйеуін әдейі тастап, оның сауық-сайран қуып кеткені белгілі болды.

Әлеуметтік көмек бәріне берілмейді

– Мысалы, біреуі жоғалған адам статусын иеленген бес адамнан тұратын отбасының күн көріс деңгейі 50 пайыздан төмен болса ғана (2018 жылы күн көріс деңгейі 28 284 теңге), атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына үміткер бола алады, – дейді ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министірінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Балықбаев.

Тура сол сияқты, отбасында бес адамнан аз не көп болса да солай есептеледі.

– Ал басқа жағдайларда жергілікті мәслихаттың шешімі бойынша, сол өңірдің бюджетінің ауқымына қарай, екі мақсатта: атаулы және мерекелік күндерге сай және өмірлік қиын жағдайға түскен азаматтардың атынан өтініш білдірген жақындарына, арнайы комиссияның шешімі бойынша ғана әлеуметтік көмек беріледі.

Яғни, егер табыс отбасындағы төрт адамға (мысалы Айгүл және үш баласына) бөлгенде 14 142 теңгеден кем болса, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдіре алады. Әйтпесе, жақындарының өтініші бойынша жағдайын жергілікті мәслихатта арнайы комиссия қарап, шешім шығарады.

Адам жоғалған жағдайда не істеу керек?

Алдымен, сабыр сақтаңыз.

Екіншіден, оның барлық таныстарына, достарына хабарласып көріңіз. Оқу орнына немесе жұмыс орнына қоңырау шалып, қайда, қашан кіммен кеткенін анықтаңыз. Барлық медициналық мекемелерге, ішкі істер органдарына қоңырау шалу керек. Ол жақта тәртіпке салатын органдар ұстап қалғандар мен ауруханаға не мәйітханаға түскендер туралы толық мәлімет береді.

Өз іздестіруіңіз нәтиежесіз болса,102 нөміріне немесе ауданыңыздағы ішкі істер бөлімінің кезекшісіне қоңырау шалыңыз. Нақты мекен жайыңыз бен телефон нөміріңізді қалдырыңыз.

Полиция қызметкеріне жоғалған адамның ең соңғы түскен суретін беріңіз. Ол туралы неғұрлым мол әрі нақты мәлімет беруге тырысыңыз. Үстінде қандай киімі болғанын, қандай ерекшеліктері бар екенін толық айтып беріңіз. Мысалы, болса денесіндегі жазу не салынған тату суреттер, салынған тістері, созылмалы ауруы туралы айтыңыз.

Оның мінезі туралы, қандай адамдармен араласатынын, жақын арада қандай оқиға болғанын, полиция қызметкеріне егжей-тегжей айтып беруге тырысыңыз. Сіз берген кез-келген мәліметтің іздеу шараларына септігі тиюі мүмкін.

Айгүл Уай күйеуін көрген-білгендер болса, мына нөмір бойынша хабарласуды сұрайды: 87027445084

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары