Тікелей эфир

Қазақстанда инвестиция ағыны соңғы екі жылда екі есе кеміді

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Инвестициялық тартымдылықты жақсарту үшін не істеу керек? Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы инвестициялық ахуал қандай?

2019 жылы 22 сәуір. Бұл жолғы Үкімет отырысында инвестиция мен "Астана" қаржы орталығының мәселесі қаралды.

Инвестиция ағыны құлдырап кетті

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Ә.Смайылов:

– Қазақстанда жалпы көрсеткіштің өсуіне қарамастан 2016 жылғы 8,5 млрд доллар таза инвестиция көлемі өткен жылы 3,8 млрд доллар болды, екі еседен аса азайып кеткен.

Сондай-ақ, шикізаттық емес секторлардағы тікелей шетелдік инвестиция жалпы көлемнің үштен бір бөлігін ғана құрайтынын атап өту керек. Сондықтан, бізге сапалы инвестиция тарту үшін жаңа тиімді тетіктер құру аса маңызды, – деді.

Көршілеріміз не істеп жатыр?

Министрдің айтуынша, сапалы инвестиция тарту мәселесін шешу үшін көршілеріміз бірталай жаңа қадам жасап жатыр.


Әлихан Смайылов

Әлихан Смайылов/ Сурет informburo.kz


  • Қытай 2019 жылғы 15 наурызда "Шетелдік инвестициялар туралы" жаңа Заң қабылдады.
  • Ресейде бірнеше жыл бұрын тікелей инвестициялар қоры құрылған.
  • Өзбекстанда 2019 жылдың қаңтарында 1 млрд доллар капиталымен тікелей инвестициялар қоры құрылды.

Инфрақұрылымды ресформалау керек

– Бұл саладағы инфрақұрылымды мұқият қайта қарау қажеттілігі туындады. Сондықтан ҚР Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша осы мәселе жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, – деген министрдің негізгі тұжырымы мынадай:

• Мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы іс-қимылдарды жалпы үйлестіру жоқ.
• Инвестициялық климатты қалыптастырумен министрліктер, ұлттық компаниялар, әкімдіктер және басқалар айналысады. Бірақ олардың арасында байланыс жоқ.
• Астана халықаралық қаржы орталығында жасалған құралдар пайдаланылмайды.
• Әлемдік инвестициялық қоғамдастық үшін түсінікті форматта ресімделген және ұсынылған тартымды жобалардың саны жеткіліксіз.
• Елдің инвестициялық имиджін шетелде ілгерілету жөніндегі жұмыс тиісті деңгейден әлі алыс.

Үкімет Қаулы қабылдады

Осы жүйелі проблемаларды шешу үшін құрылған (2019 жылғы 19 сәуірде) жұмыс тобының ұсыныстары негізінде Үкімет "Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар тарту жөніндегі шараларды күшейту туралы" қаулының қабылдағаны белгілі болды.

Оны жүзеге асыру үшін Үкіметтің арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр.

Инвесторлорға "Бір терезе" ашып жатырмыз

Онда инвесторларға "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Ол үшін:

  • "Kazakh Invest" акционерлік қоғамы Астана халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне сенімді басқаруға берілетін болады.
  • Жобаларды қалыптастыру мен сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылатын болады ("Жобалар фабрикасы")
  • Заманауи цифрлық технологияларды енгізу мен виза және көші-қон режимін одан әрі ырықтандыру бойынша шаралар қабылданатын болады.
  • Нұр-Сұлтан қаласы мен халықаралық қаржы орталықтары арасында тікелей әуе қатынастарының географиясы кеңейтілетін болады.
  • Жоғарғы Сотпен және Бас прокуратурамен бірлесіп инвестициялық климатты одан әрі жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.

Инвестициялық жобаларды жылжыту қалай болады?

  • Бірінші кезеңде: өңірлік инвестициялық хапқа ("Жобалар фабрикасында") барлық әлеуетті инвестициялық жобалар орталықтандырып жиналады.
  • Екінші кезеңде: Астана халықаралық қаржы орталығынан сарапшылар мен кеңесшілерді тарта отырып, "Kazakh Invest" базасындағы жобаларды өңдеу және талдау жасалады. Жобалар шетелдік инвесторлар үшін түсінікті форматтарға келтіріледі.
  • Үшінші кезең: Астана халықаралық қаржы орталығының қолдағы бар мүмкіндіктері мен Сыртқы істер министрлігі инфрақұрылымын пайдалана отырып, қолданысқа дайын жобаларды жылжыту.
  • Төртінші кезең: Астана халықаралық қаржы орталығының заң инфрақұрылымын пайдалана отырып, инвестициялық хаб базасында келісімшарттар жасасу.

Қысқа мерзімде іске асыру үшін:

1. Жақын арада барлық қажетті нормативтік құқықтық актілер әзірленіп, қабылданатын болады. ҚазақИнвестАстана халықаралық қаржы орталығының Әкімшілігіне сенімгерлік басқаруға беріледі.
2. Толыққанды ақпараттық сүйемелдеумен ағымдағы жылдың 16 мамырында болатын Астана экономикалық форумы шеңберінде жаңа архитектураны таныстырады.
3. Инвестиция тарту мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірінші отырысы осы жылдың мамыр айына белгіленген.

Нұр-Сұлтандағы қаржы саласына ерекше статус беретін заң қабылданды

Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев хабарлады. Ол:

– Осы маңызды қадамды реттеу үшін негізгі заңға өзгерістер енгізілді. Конституцияға сәйкес Нұр-Сұлтандағы қаржы саласына ерекше құқықтық тәртіп орнатылды, – деді.

Сот тілі – ағылшын тілі

Әділет министрінің айтуынша, Қаржы орталығы аумағында тәуелсіз сот және Халықаралық төрелік орталығы құрылған. Онда ағылшын тілді судиялар төрелік етеді, яғни сот тілі – ағылшын тілі болады.

Министр мұның шетелдік инвесторларды тарту үшін өте маңызды екенін атап өтті.


Марат Бекетаев

Марат Бекетаев / Сурет informburo.kz


– Ол үшін ағылшын құқы, ағылшын тілі, ағылшын соты қажетті сенімділікті береді, – деді министр.

Сонымен, инвестициямен бірге жаңа технологиялар және сапалы адам капиталының керектігі айтылды. Елімізде ағылшын тілді заңгерлер жасақталмақ деп айта келе, сөз соңында әлемдік бизнестің 80 пайызы ағылшын құқын таңдайтынын ескертті.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов орталықтың негізгі функцияларын атады. Олар:

  • Омбудсмен офисінің жұмысын ұйымдастыру – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
  • Инвестициялық жобаларға арналған құжаттарды дайындау
  • Қаржылық стандарттар мен моделдерді жасау.

Халықаралық төрелік орталығы қалай жұмыс істейді?

Қайрат Келімбетовтың айтуынша, төрелік орталығы "E-Justice", яғни дауларды қараудың электронды жүйесі арқылы іске аспақ. Онда 30 халықаралық тәжірибелі төреші болады.

Қаржы орталығының жұмыс механизмі

Қаржылық инфрақұрылым мыналарды қамтиды:
• АХҚО биржасы;
• АХҚО базасындағы тікелей инвестициялар қоры.


Қайрат Келімбетов

Қайрат Келімбетов / Сурет informburo.kz


Оған Қазақстан Даму Банкі, Қазына Капитал Менеджмент сияқты қаржы институттары қатысады. Сонымен бірге облыстар мен қалалардың әкімдері екінші деңгейдегі омбудсмен рөлін атқарып, өңірлік үйлестіру орталықтарын басқарады.

"Kazakh invest" – бірыңғай регламент бойынша біртұтас инвестициялық жобалар базасына арналған "бір терезе" жүйесін жүргізбек.

Алматыда Қытай, Ресей, Герман зауаттары құрылды

Бұл туралы Бауыржан Байбек хабарлады. Өнеркәсіптік аймақта 400 млн долларлық инвестициялық жобалар іске асқан. Тағы бес ірі жоба істеліп жатыр. Оның ішінде жапондық метал, ресейлік кабель, Қытай және Германияның өндіріс орындары бар болып шықты.

"Электр автобус құрастырып жатырмыз"

Бауыржан Байбек осылай деді. Ол үшінші ұрпақ электр автобустарын құрастыратын зауыттың ашылғанын айтты.


Бауыржан Байбек

Бауыржан Байбек / Сурет informburo.kz


Әкімнің айтуынша, "Алатау" арнайы экономикалық аймақ жақында коммуналдық меншікке өткізіледі. Соңғы кезде Қытай метал дәнекерлеу зауыты Жапон-Гонконг-Герман кәсіпорындарымен бірлесіп, автобус құрастыру зауытын құрған.

Алматыда жер жоқ

Бауыржан Байбек инвестицияға кедергі болып отырған мәселелерді атады:

  • Бірінші – төмен өсімді қаржының жеткіліксіздігі;
  • Екінші – теңге бағамының тұрақсыздығы;
  • Үшінші – бос жерлердің болмауы. Қалада бос жер тапшы;
  • Инфрақұрылымды дамыту

Өткен жылы Нұр-Сұлтанда рекордтық көрсеткіш

Өткен жылы астанамызға тартылған инвестиция бір триллион теңгеден асқан. Алайда осы жылы күрт төмендеген. Қала әкімінің айтуынша, қалаға тартылған инвестицияның 70-80%-ы құрылыс саласына тиесілі.

Өнеркәсіптік аумақты кеңейтуді ұсынды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов:

– Инвесторларға "бір терезе" қағидасы бойынша"Астана инвест" ұйымы жұмыс істеп тұр. Астана қаржы орталығында офисі ашылады. Сонымен бірге, арнайы экономикалық аймақтың көлемін 7 мыңнан 8 мың шаршы шақырымға кеңейтуді ұсынғамыз. Қазір бұрынғы жеті мың шаршы шақырым аумақтың 85%-ы игерілген, – деді әкім.

Астана әуе хабын құруды ұсынды


Бақыт Сұлтанов

Бақыт Сұлтанов / Сурет informburo.kz


Қала әкімі шетелдік инвесторларды тарту және қызықтыру үшін халықаралық қаржы орталықтарымен және дамыған өңірлермен тікелей әуе рейстерін ашу керектігін айтты. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл инвесторларды қызықтырып ғана қоймай, туристерді тартуға да пайдалы әрі жұмыс көзін ашады.

Марафон кезіндегі "Шындықтан қаша алмайсың" акциясы туралы министр не дейді?

Сәуірдің 21-і күні таңертең Алматыда марафон кезінде, жол жиегіне "От правды не убежишь. У меня есть выбор" (Шындықтан қаша алмайсың. Менде таңдау бар) деген жазуы бар баннерлерді іліп қойған екі азаматты полиция ұстап әкеткен болатын.


Ерлан Тұрғымбаев

Ерлан Тұрғымбаев / Сурет informburo.kz


Осыған орай ІІМ Ерлан Тұрғымбаев:

– "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды", яғни, кодекстің 488-бап, 3 тармағы бойынша айыпталған, – деді. Сонымен бірге бүгін Алматы Ішкі істер департаментінде осыған байланысты брифингі өтетінін айтты.

Жауапсыз қалған екі сұрақ

Отырыс соңында Инвестиция және индустрияландыру мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.


Ермек Көшербаев

Ермек Көшербаев / Сурет informburo.kz


Алғашқы сұрақты 31 телеарна тілшісі Бақытнұр Әлібай қойды.

  1. Сайлаудың инвестицияға әсер қандай?
  2. Ресей мен Қытай инвестицияларының еліміз экономикасындағы үлесі қанша? Онда мемлекеттік және компаниялар арасындағы қарыз мәселесі қалай шешіледі? Нақты сан-деректермен айтып берсеңіз.

Сұраққа жауап беруді Сыртқы істер министрінің орынбасары Көшербаев Ермек кейінге қалдырды. Ол:

– Жазбаша, толық жауап беретін боламын, – деп қысқа қайырды. Күтеміз.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары