Тікелей эфир

Қазақ терминологиясының соры. Ғалымдардың жүйкесін тоздырған, заңгерлерді сенделткен не?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
Мемлекеттік тілдің бағы неге байлаулы? Термин саласындағы сорақылықтар туралы ғалымдар мен депутаттар не дейді? Қалай шешілмек?

Қазақ тіліне қанша термин керек?

– Елімізде жүріп жатқан графикалық өзгерістер аясында терминология саласын дамыту мәселесі де маңызды. "Терминсіз кәсіп жоқ, кәсіпсіз нәсіп жоқ". Мемлекеттік тіл дегеніміз – терминдік тіл. Мемлекеттік тіл деген ұғымның салалық терминдердің қолданысы екені даусыз, – дейді филология ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі иниститутының директоры Ерден Қажыбек.

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиі бойынша жаңа нұсқа. Соңғы ма? Өзгертуге бола ма? Қалай жүзеге асады?


Солдан оңға қарай Бағылан Мақұлбеков, Ерден Қажыбек, Шерубай Құрманбайұлы

Солдан оңға қарай Бағлан Мақұлбеков, Ерден Қажыбек, Шерубай Құрманбайұлы / Сурет informburo.kz


Ерден Қажыбек ағамыздың айтуынша, 50 өндіріс пен ғылым саласы толыққанды жұмыс істеп, мемлекеттік тіліміздің Қазақстанда кең етек жаюы үшін – кемінде 500 мың терминді енгізуі керек.

Оқи отырыңыз: Бітік жазуы деген не? Қазақ жерінде Күлтегінге дейін де әліпби болған


Қазірге дейін қабылданған терминдер саны 3330-370 мың арасында

Қазірге дейін қабылданған терминдер саны 330-370 мың арасында / Графика А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі иниститутынан алынды


Ұлттық термин қорын қалыптастыру жұмысы қалай жүргізілмек

  • 2020 жылы – 1-4 сыныптарға арналған біріздендірілген терминологиялық сөздікті әзірлеу;
  • 2021 жылы – 5-9 сыныптар үшін негізгі білім беру терминқоры анықталады;
  • 2022 жылы – Орта және кәсіптік білім беруде қолданылатын 10-11 сыныптар үшін сөздік сериясы даярланады;
  • 2023 жылы – Қоғамдық және әлеуметтік ғылымы бойынша 20 салалық терминологиялық сөздік бітеді;
  • 2024 жылы – Техника ғылымдары бойынша 15 салалық терминологиялық сөздік аяқталады;
  • 2025 жылы – Жаратылыстану ғылымына арналған 15 томдық әзірлеу жоспарда.

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиінің "заңды нұсқасы" тағы да өзгеруі мүмкін. Өзбек, түрік, әзербайжан және қазақ әліпбиі қаншалықты ұқсас?


Бебіт Мамыров, ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеументтік-мәдени даму комитетінің хатшысы
Бейбіт Мамыров, ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеументтік-мәдени даму комитетінің хатшысы / Сурет informburo.kz

Кей терминдер бірнеше рет өзгертілді

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы:

– 90 жылдардан бастап терминқорымыздың ұлттық сипатын арттыру мақсатында кезінде орыс тілінен аударылмай өзгеріссіз қабылданған көптеген терминдердің қазақша баламалары жасалып, қолданысқа енгізілді. Олар жұртшылық санасына сіңіп, тілдегі қолданысы енді тұрақтай бастағанда сондай орныға бастаған атаулардың бірқатарын қайта қарап, бастапқы қалпына келтірілді.

Мысалы:

  • Аукцион – бәссауда – аукцион (2014);
  • Гимн (1992 жылға дейін) – әнұран (1992) – гимн (2014);
  • Музей (1998 жылға дейін) – мұражай (1998) – музей(2014),
  • Процент – пайыз (2000) – процент;
  • Принцип (2000 жылға дейін) – қағидат (2000) – принцип (2014) және т.б.

Терминге, терминологияға бұлай қарау жұмыстың жолға қойылмағандығын, істі ғылыми, кәсіби тұрғыдан тиісті деңгейде жүргізілмегенін көрсетеді. Соның салдарынан тұрақты қолданылатын ұлттық ғылыми терминологиялық қор толық қалыптасыпай отыр, – дейді ғалым.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда латын әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшетін болды

Шешілмеген басты мәселелер

Шерубай Құрманбайұлының айтуынша:

  • Ең алдымен, терминология дамуының бағыт-бағдарын белгілеп отыратын ғылыми кадрлардың, кәсіби мамандардың жеткіліксіздігі;
  • Екінші, терминологиялық жұмыстардың республикалық деңгейде жүйелі түрде, жоғары кәсіби деңгейде жүргізілмеуі.
Оқи отырыңыз: Бекітілген терминдер неге қолданылмайды?

Терминкомнан сөзді алуға да, алмауға да болады. Неге?

Ғалымдар ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен сөзді алуға да, алмауға да болатынын айтып, Үкіметке реніштерін білдірді. Өйткені, ол – кеңесші орган.

Терминком қабылдаған сөздер Үкіметтің қаулысымен бекітілсін деген нұсқау орындалмай келеді.

Заң неге мемлекеттік тілде қабылданбайды?

– ҚР Азаматтық процестік кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) енгізілген кейбір заң терминдерінің "құқықтық табиғаты" өзгеше.

Заң – халықтың өмір сүру ережесі. Әр азаматтың тағдырына қатысты өте қуатты қару. Сол үшін әр сөз нақты, дәл болуы керек. Алайда еліміздегі заңдар ресми тілде талқыланады. Ондағы себеп: мемлекеттік тілдегі заң терминдері жүйеленбеген, екіұшты мағына беретін немесе баламасы дау тудыратын терминдер өте көп, – дейді Заң ғылымдарды кандидаты, Жоғарғы сот судьясы Бағлан Мақұлбеков.

Оқи отырыңыз: "Біз латыншаға көшеміз бе" – дегенді емес, "Қалай көшеміз?" – деген мәселені талқылауымыз керек

Заң терминдерінің ерекшелігі: құқықтық актілердің заңнамалық күшін айқындайды, басқа құжаттардан айырмашылығын білдіреді. Қабылданған заңнама актілері көпшілікке түсінікті болу үшін қолданылған терминдердің логикалық нанымдылығына, пайдалану орнына, заңдылық тұрғыдан тиімділігіне баса назар аударған жөн.

Заңдағы заңға қайшы сөздер

Бағлан Мақұлбековтың айтуынша, Кодексте:

  • Талапкер терминінің неліктен талап қоюшы деп алынғаны түсініксіз. Өзінің заңмен қорғалатын құқығы мен бостандығы бұзылды, нұқсан келді деп санайтын тұлға сотқа ақы (иск) талабын береді, талап қоймайды.
  • Айғақ – дәлелдеме, куә, куәлік ету, дәлел деген ұғымдарды білдіреді. Орысша мәтінінде "показания". Сотта берілген жауапты айғақ, дәлелдеме ретінде қабылдауы мүмкін немесе тиісті негіздеме келтіре отырып қабылдамай тастауы мүмкін. Бұл екіұшты мағынада тұр.
  • Сот отырысы – орысша мәтінінде "судебное заседание". Негізінде "заседание" – деген термин мәжіліс, маслихат деп аударылады. Шындығында сот мәжіліс өткізеді. Солай өзгерту керек.
  • Ведомстволық және соттылық сөзіндегі "ведомство" деген сөздің балама аудармасын мекеме деген дұрыс.
  • "Имущество" деген термин нәрсе деп аударылған. Ол – дүние, мүлік, мүліктік қатынастарды көрсетеді. Қазіргі мағынасында қолданумен мүлдем келісуге болмайды. Тек мүлікті нәрсе деген балама cөзбен ауыстыруға болады.
  • Ұрлық сөзі бізде жымқыру деп қолданылып жүр. Бұл– дұрыс емес.

Оқи отырыңыз: Латын әліпбиіне көшуге не кедергі, қандай қиындықтары бар?

Халықаралық терминдер тектелуі керек

– Кей халықаралық сөзді сол күйінде қалдыру керек болса да – аударылады. Мысалы, "процесс" сөзінің бес түрлі аудармасы бар. Заңда екі түрі келтірілген. Сөздердің этимологиясы дұрыс қолданылмайды, – деп ренішін білдірген Заң ғылымдарының докторы, профессор, Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұлов келесі сөздерді мысалға алды:

Ғаламтор (интернет), қолтырауын (крокодил), күйсандық (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет.

Термин қабылдауда әлі ортақ шешім жоқ

Асылбек Смағұлов халықаралық терминдерді жаппай қазақшаға аудару немесе лайықты баламасы болмаса, оларды сол күйінде тілдік айналымға қосу мәселесінің әлі даудан көз ашпай келе жатқанын айтты.

– Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, біздің терминолог ғалымдарымыздың, жалпы лингвист-мамандарымыздың бұл мәселе бойынша ортақ пікірге келе алмауы өкінішті-ақ, – деді депутат.

Оқи отырыңыз: Латын əрпінің соңғы нұсқасы қашан қолданысқа енеді?

Терминология мәселесін реттеу үшін не істеу керек?

Бұл туралы ҚР Парламентінің Мәжілісінің Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы терминдер мәселесі Ұлттық заңнама шеңберінде жүргізілуі керек екенін ескертті.

Ол нормативтік-құқықтық ережелер мен заң актілерін қабылдауда орысы тіліндегі нұсқасы қадағаланып, мемлекеттік тілге аударма болып жететіне реніш білдірді.

Дәуітәлі Омашұлы ҚР мемлекеттік терминологиялық жұмыс тұжырымдамасына төмендегі ұсыныстар кіргенін айтты:

  • Мемтерминкомның мәртебесі өзгертіліп, оның міндеттері, құрылымы қайтадан қаралып, жаңа бағыттары белгіленген ресми орган ретінде бекітілуі қажет.
  • Мемтерминком қабылдаған сөздерді Үкімет қаулысымен бекіту өзекті.

Ахмет Байтұрсыновтың термин жасау қағидасынан аса алмаймыз

Филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі иниститутының қызметкері Қарлығаш Айдарбектің айтуынша, қазақ терминін жасағанда Ахмет Байтұрсыновтың қағидасын негізге алу керек.


Айдарбек Қарлығаш

Қарлығаш Айдарбек / Сурет informburo.kz


Онда:

    • Термин жасауда баламаны ең алдымен қазақ тілінен, сосын түркі тілдерінен, одан болмаса ғана басқа тілдерден іздеу керек;
    • Ахмет атамыздың әр сөзді сараптап, тілдің заңдылықтары мен табиғатына үйлестіріп қабылдағанын немесе бейімдеп жасауды басшылыққа алғанын ескеру қажет;
    • Терминді көбінесе жазылуы бойынша емес, айтылуы бойынша қабылдауды басшылыққа алған орынды.

    Оксворд баспасымен бірігіп сөздіктер шығарылады

    – "100 оқулық" жобасы аясында 50 оқулық аудардық. Оқу орындары өз ғалымдарымен ақылдаса отырып, ең қажетті деген оқулықтарды не кітаптарды таңдады. Біз аудару жұмысын ұйымдастырдық, – деді Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы. Оның айтуынша, әр оқулықты дайындау үш сатыдан өткен:

    • Аударушыларды таңдау;
    • Кәсіби, ғылыми тұлғалардан құралған комиссия болып тексеру;
    • Әдеби редакциялау.

    – Біз аудармадағы тәжірибемізді пайдаланып, Оксфорд баспасымен бірігіп, "Ағылшын – қазақ", "Қазақ – ағылшын сөздігі", "Қоғамдық ғылымдар сөздігі", "Қазақ тілінің кірме сөздері сөздігін" дайындап жатымыз, – деді Рауан сөз соңында.

    Оқи отырыңыз: 100 оқулық жобасымен жарық көрген алғашқы 18 кітап сатылымға шығарылмайды

    "Сайлау" сөзі мен "таңдау" сөзі қалай өзгерді?

    – КСРО-да "избрание" сөзінің мағынасы лауазым беріп, мақтау және дәрежесін өсіру тұрғысынан келді. Орталық тізім бойынша бір адамнан бекіткен. Бір адамды қалай таңдауға болады?

    Ал тәуелсіздік келгенда таңдау сөзінің мағынасы басқаша өзгерді, яғни көп адамнан таңдайды.


    Ернат Мелісұлы Сауытбек Әбірахмановқа "Ағылшынша тіл сындыру" ктіабын ұсынып, ағылшын тілін қазақша түсіндірген оқулықтардың жоқтығын еске салды

    Ернат Мелісұлы Сауытбек Әбірахмановқа "Ағылшынша тіл сындыру" кітабын ұсынып, ағылшын тілін қазақша түсіндірген оқулықтардың жоқтығын еске салды / Сурет informburo.kz


    – Орыс тілінің отыз бір пайызы латын тілінен алынған екен. Орыстар терминдер арқылы сөз сіңірген, – дейді Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов.

    "Терминология қосымшасын жасаңыздар"

    – Бізде жұмыс барысында көптеген проблема терминдерді қалай аударудан туындайды. Бір терминнің өзі əр жерде, əр жылы əртүрлі аударылған. Тіпті, заң, нормативтік-құқықтық актілердің атаулары, тараулары, т.б. бір сөзді бірнеше варианттармен аударған.

    Біз бекітілген құжаттың сөзін өзгертпек түгілі, үтірін ауыстыруға хақымыз жоқ. Сөйтіп бір құжатта бір сөз əр түрлі жазылып жатыр. Термин бекітілгеннен кейін ревизия керек шығар.

    Тағы бір мәселе, жұмыс барысында аударма сайттарын пайдаланамыз. Одан шықпаса терминком порталына жүгінеміз. Бірақ, ол сайттар кейде ашылмай қалады. Қай аударманың дұрыс екенін білу мүмкін емес. Осыны жүйелеп, ұялы телефонға арнайы қосымша жасау керек, – дейді "Самұрық-Қазына" əл-ауқат қоры АҚ мемлекеттік тілді дамыту және аударма бөлімінің басшысы – Ақсұлу Саңғали.


    Ақсұлу Соңғали

    Ақсұлу Саңғали / Сурет informburo.kz


    Ата Түрік тәжірибесі керек

    Тілдің тазалығының маңыздылығын Сауытбек Әбдірахманов та атап өтті.

    – Ата Түрк кезінде түрік тілін арап-парсы сөздерінен тазарту үшін арнайы түркі тілдес елдерден ғалымдар шақырған. Қабылданған сөздерді халыққа түсіндіру үшін том-том кітаптар жазылыпты.

    Термин – жүйелі, анықтамасы дәл, сезімге ерік бермейтіндей болуы керек, – дейді ол.


    Оқи отырыңыз: Латын әліпбиіне көшуге не кедергі, қандай қиындықтары бар?

    Латынға көшкенде ...

    Сауытбек Әбдірахманов терминологиялық сөздіктерді дайындау барысында, әсіресе латын графикасын жасауда туындайтын мәселелерді зерттеу керек дейді. "Хан" сөзін мысалға алып, Қазақ халқының төл дыбысына айналған "Х" дыбысын латын графикасында да ескеруді ескертті.

    – Терминдерді латын жазуына көшіріп емес, аударып жазу керек, – дейді депутат Сауытбек Әбдірахманов.

    Поделиться:

    Серіктестер жаңалықтары