Тікелей эфир

Ауғанстан. Әділетсіз соғыстың соңғы сардарлары

Фото roushd.com сайтынан алынды
Фото roushd.com сайтынан алынды
Бұл құпия барлау операциялары туралы бұрын еш жерде жарияланбаған, оған қатысқан шетелдік азаматтардың аты-жөндері өзгертілген.

Төменде баяндалатын Ауғанстандық арнайы қызметпен бірлесіп жасалған құпия операциялар бойынша қазірге дейін қазақстандық, ресейлік жоғарғы әскери оқу орындарында лекциялар оқылады, курсанттар әрбіріне талдау жасап, жауынгерлік-тактикалық әдіс-тәсіл ретінде танысады.

Осыдан 30 жыл бұрын...

Бұл – өте күрделі операция 1988 жылдың 15 мамырынан басталды. КСРО әскерлерін Ауғанстан аумағынан тоғыз айдың ішінде шығаруға міндеттеме алды. 1989 жылы ақпанның 4 күні Кеңес Армиясының соңғы бөлімі Кабулдан шықты, ал 15 ақпанда 40-шы Армияның қолбасшысы генерал лейтенант Б.Громов Термез қаласында "Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, менің артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ" деп басшылыққа баяндады.

Алайда, өзеннің арғы жағында қалған сыртқы барлау қызметінің офицерлері мен шекарашылар тағы үш ай бойы Ауғанстанда жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Мәскеу тарапынан Ауғанстаннан әскерлерді шығару туралы ешқандай ақпарат болған жоқ, ал америкалық баспасөздің мәліметтері бойынша осы операция кезінде Кеңес Одағының 523 жауынгері мен офицері қаза тауып, көптеген адам тұтқында қалған.

Ауғанстаннан 40-шы армия шыққаннан соң да моджахедтермен қиян-кескі шайқастар болды. 1989 жылдың 23-26 ақпандағы "Тайфун" операциясы – кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі он жылға созылған соғыстағы ең ақырғы ұрыс болды. Он жылға жуық Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлерінің құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер бөтен елдің мүддесін қорғады. Олардың 924-і сұрапыл шайқастарда ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіттер елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген айдаладағы Ауғанстан соғысы біз үшін осылай қасіретпен аяқталған болатын.

Ауғанстан жерінен соңғы сарбазға дейін елге қайтарылды деп айтылғанмен, барлаушылар жергілікті арнайы қызметпен бірлесіп, КСРО әскерлерінің бұл елден шығу қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Солардың бірі – сыртқы барлау қызметінің отставкадағы полковнигі Талғат Әмірғалиев. Сол кезде подполковник шенінде Сексенінші жылдардың аяғында Ауғанстандағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) өкілдігінің жедел тобында болған ол бірнеше барлау операцияларына тікелей өзі қатысып, кейбіреулеріне басшылық жасаған.

"Бумеранг" операциясы

Саманган провинциясы – өзінің географиялық орналасуы жағынан Гиндукуш тауы бөктеріндегі аудан. Негізгі транс-ауған магистралі бойында тұрғандықтан экономикалық маңызды аймақ. Ол осы көлік артериясының тура ортасында орналасқан. Солтүстігінде Өзбекстан, Тәжікстан Республикасымен шектесетін Балх және Құндыз провинциялары орналасқан. Екінші жағынан шикізат орталығы. Соғыс жағдайында жалғыз жұмыс істеп тұрған Руе-Дуабе уезіндегі көмір шахталары Кабул және басқа да аймақтарды энергия ресурстарымен қамтамасыз етті.

1988 жылғы 1 қазандағы барлау мәліметтері бойынша, мұнда жалпы саны 5700-дей адамдық 122 қарулы топ (сол кездегі термин бойынша "бандқұрылым") пайда болды. Сол жылы қыркүйектен қазан айына дейін Дальхаки таулы аумақтағы Хайратон-Кабул жол магистралі бойында жағдай күрт шиеленісіп, қарулы қақтығыстар жиіледі.

Барлау көздерінен түскен жедел ақпарат бойынша, Ахмад Шах Масуд және Хекматиарға қарайтын бірнеше біріккен бандқұрылымның Хайратон-Кабул күре жолына тосқауыл қойғаны белгілі болады. Мақсат – орталыққа (Кабулға) материалдық-техникалық жабдықтау жүктерін өткізбеу және кек алу, еліне қайтып бара жатқан Кеңес әскерлерінің жолын бөгеп, әскери керуенге шабуыл жасау, қаруларын тонау еді.

Дильхаки тауының ішімен өтетін жол бойында жасырынған артиллерия, жылжымалы реактивтік құрылғылар және жылжымалы минометшілер топтары тұрды. Оғы мың метр қашықтыққа жететін ірі калибрлі ДШК пулемет, америкалық винтовка және Калашников автоматтарымен қаруланған 350-дей адамы бар тағы бір топ тау шатқалдарында бекініп жатты.

Дильхаки операциясы шын мәнінде алысқа ұшатын авиация бомбалаушыларының қатысуымен болған ірі операция ретінде тарихта қалды. Хайратон-Кабул күре жолындағы, Дильхаки тауы бөлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету Саманган уәләятындағы Ауғанстан Демократиялық Республикасының (АДР) Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне (МҚМ) жүктелді. Олардың ішінде Талғат Әмірғалиев басқаратын барлаушылар тобы да болды.


Саманган провинциясында "Бумеранг" операциясын орындаған оперативтік топ

Саманган провинциясында "Бумеранг" операциясын орындаған оперативтік топ


– Жолды қоршау 3 қараша күні азанда басталды. Дальхаки бөктеріндегі күре жол бойында орналасқан қышлақтардың бірінде тұратын, қарамағында 60-тан асатын жауынгерлері бар бейтарап дала командирі Парвиз (Операцияға қатысқан адамдардың есімдері шартты түрде алынды – авт.) көтерілісшілер (бандқұрылым) жақтан АДР МҚМ басқармасына ақпарат беріп тұратын. Бірақ, ол сол күні уақытында байланысқа шықпады. Сондықтан жау күштері мен қаруларының орналасуы, нақты жоспары туралы алдын ала сенімді жедел ақпарат алу мүмкін болмады.

Жағдайдың өзгеруіне байланысты жергілікті "Царандой" (милиция) ұлттық полкі және қауіпсіздік комитетінің арнайы мақсаттағы 2-батальоны, сонымен бірге кеңестік әскерлердің танк батальоны мен артиллериясы (жалпы саны 700 адамдай) жедел-әскери операция болады деген ауданға қарай жедел түрде аттанды. Бандқұрылымдар бекінген Дальхаки тауының негізгі жоталарына шабуыл ертеңгі күні азанда басталды.

Алдымен кеңестік авиация 7-8 мың метр биіктіктен бомбалап кетті. Бірақ, олар көтерілісшілерге нақты соққы бере алған жоқ. Бірінші күнгі операция барысында тау бөктеріндегі қыратты алдық, кешке қарай операция тоқтатылып, ертесіне күн шыға қайта жалғасты. Парвизді іздегенмен ешқандай нәтиже шықпады, басқа ақпарат көздері де табылмады.

Осыдан кейін қарсыластар бекінген аумаққа астыртын арнайы топ жіберіп, ондағы жағдайды жақсы білетін "тіл" алып келу тапсырылды. Көп ұзамай жау бекінісіне барған барлаушылар моджахедтердің шабарманын тұтқындап әкелді. Әлгі тұтқыннан жауап алу барысында Парвиздің жекелеген топтардың әрекеттеріне тікелей басшылық жасап, екі жаққа да жұмыс істеп жүргені анықталды. Бұл ақпаратты дұшмандар арасындағы радиобайланысты ұстап отырған техникалық бөлімнің қызметкерлері де дәлелдеді. Алынған материалдарды сараптау барысында банда басшыларымен жүргізілген келіссөздердің ішінде Парвиздің дауысы да шықты, оның адамдары да жол торып жүргені анықталды. Осылайша Парвиз жансыз болып шықты.


Фаридун қамалы. Бұны 18 ғасырда ағылшындар колониялау кезінде салған

Фаридун қамалы. Бұны 18 ғасырда ағылшындар колониялау кезінде салған


Осындай нақты мәліметтерден кейін Парвиздің жасағы бекініп жатқан тау шатқалын, олардың қоймалары тұрған аумақты зеңбіректен атқылап, тас-талқанын шығарды. Артынша десантшылар шабуылын бастады. "Дильхаки" операциясы барысында со аймақтағы ірі бандқұрылым залалсыздандырылды.

Осылайша, көтерілісшілердің жіберген жансыздары өздеріне соққы болып тиді. Кабул-Хайратон жолы ашылып, моджахедтер бұл маңнан алысырақ кетуге мәжбүр болды. Олар жүзге тарта адамынан айырылып, Кеңес Армиясы Ауғанстан жерінен толықтай шығып кеткенше шабуылға шығудан бас тартты.


Барлаушылар тобы Шиндант шекара қызметінің кеңесшілерімен бірге Фаридун қамалының жанында. Бұл қамалды 18 ғасырда Ауғаныстанды колониялауы кезінде ағылшындар салған.

Барлаушылар тобы Шиндант шекара қызметінің кеңесшілерімен бірге Фаридун қамалының жанында


Фарахтағы барлау

1987 жылдың 15 ақпанында Ауғанстан Халықтық-демократиялық партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы Бабрак Кармаль Ауғанстанның барлық аумағында Ұлттық татуласу саясатының күшіне енгенін мәлімдеді. Бұл елдегі соғысты тоқтатуға бағытталған кезекті әрекет еді. Басты мақсат – оппозиция көсемдерінің қатысуымен жаңа коалициялық үкіметті қалыптастыру, қарулы қарсылықты тоқтату үшін келіссөздерді жандандыру, босқындарды елге қайтару, саяси тұтқындарға және қаруларын тапсырған көтерілісшілерге рақымшылық жасау болды.

Осындай жағдайда, Орталықтан (Кабул) Фарах провинциясының аумағындағы дұшмандармен жедел жұмыстарды барынша жандандыру және ауғаныстандық қауіпсіздік органдарына бандитизмен күрес және барлау желісі бойынша бөлімдеріне кеңес, көмек беру туралы тапсарма берілді. Түсінікті болу үшін айта кету керек, Ауғанстан мемлекеттік қауіпсіздік органдарының құрамында шекара аумағындағы барлау жұмыстарымен 2 бөлімше айналысады. Бірінші Басқарма (сыртқы барлау) және екіншісі – Ауғанстан шекаралары маңындағы (Иран және Пәкістан) барлау жұмыстарын жүргізу міндеттелген 12-ші Басқарма. Бұл басқарма барлау жұмыстарын шекара аумағында тұратын туыстардың көмегімен жүргізді. Негізінен бұлар шекараның екі жағында да өмір сүріп жатқан пуштун, белуджи, горги тайпалары, этникалық араб көшпенділері және басқа мұсылман халықтарын пайдаланды.

Сонымен қатар, Орталықтан, бітіспес жауға айналған банда басшылары мен ресми Кабулға және елдегі Кеңес Армиясына қарулы қарсылық көрсетіп жүрген бүлікшіл топтарға қарсы және олардың белсенділігін жоюға бағытталған арнайы іс-шаралар жүргізу туралы нұсқау берілді.


Фарах қаласының әуежайы. Өлкелік оперативтік қауіпсіздік тобы. Сол жақтан үшінші тұрған осы топтың бастығы, кейіннен КСРО МҚК генералы болған В.Г.Плигин. 1987-88 ж.


1986-1987 жылдары МҚМ Фарах провинциясы бойынша басқармасы бандқұрылымдардың басшыларын анықтап, біртіндеп жоя бастады. Осы кезде билікке қарсы Гүлбетдин Хекматиярдың Ауғанстан Ислам Партиясына кіретін ымырасыз топтың командирі Мұхаммед Садық молда жергілікті халыққа қауіп төндірді. Моджахедтердің бұл басшысы қолға түскен Кеңес және Ауған әскерлеріне, сондай-ақ, халық билігін қолдайтын жергілікті тұрғындарға қатысты аса қатыгездігімен ерекшеленді. Оның 45-50 адамнан құралған бандасы Фарах провинциясындағы Кухе Сафед, Бала-Блук уездері, сондай-ақ, Герат провинциясына қарайтын Шинданд уезінің аумағында жергілікті әкімшілікті шабуылдады.

1987 жылдың басында Мұхаммад Садықтың бандасы Фарахруд елді мекенінде орналасқан 501-ші әскери десанттық-шабуылдаушы батальонның құрған торына түсті. Қарулы топтың басым бөлігі сол жерде жойылып, басшысы жарақат алды. Оның қасында өзіне адал берілген шағын топ қана қалды. Олар қашып Чашма елді мекен маңындағы тауды паналады. Мұхаммад туралы алғашқы құнды ақпарат банданың айналасында жүрген, пуштун ішіндегі беделді Нұрзай тайпасынан шыққан Чашма қыстағында тұратын көпестің ұлы Туфаннан алынды. Оның ақпаратын және басқа көздерден алған деректерді, аймақтағы жағдайды қорыта келе Мухаммад Садықтың Иранға, содан кейін Пәкістандағы отбасына барып емделетіні белгілі болады. Осыдан кейін оны ұстап Фарах қаласына жеткізу туралы жедел операцияның жоспары құрылды. Ресми биліктің идеясын насихаттау мақсатында оны жұртшылықтың алдында ашық соттау керек деген ұйғарым жасалады.

"Қақпан" операциясы осылай басталды

Чашма қыстағы аймақ орталығы Фарахтың солтүстігіне қарай 40 шақырым. Бұл жерде Пәкістан мен Ираннан қару-жарақ жеткізетін екі керуен жолы түйіседі. Ол Гур провинциясына, одан әрі Бамианға, Кабулға кетеді. Бұл маршрут бойынша кері қарай жараланған моджахедтер және Пәкістан мен Иран аумағындағы лагерлерде соғысқа дайындайтын жастар жөнелтілетін.

Бұл керуен жолдарындағы қозғалыс кешкі, түнгі мезгілдерде жанданады. Чашмаға жақын жерде арнасы орташа, кейбір жерінде өткелдері бар Фарахруд өзені ағып жатыр. Өзеннің жағасы тал, бұталы. Әдетте, мұнда жолаушылаған бейбіт тұрғындар, босқындар, көтерілісшілер керуені тоқтап, түнейді. Жақын елді мекендердің тұрғындарынан құралған бірнеше көтерілісшілер тобы, әсіресе түнгі уақыттарда бүкіл аудан аумағын бақылауында ұстады. Царандойдың (халықтық милиция) ең жақын блок-бекеттері Фарах қаласының солтүстік шетінде болды. Аймақ орталығына апаратын бірнеше соқпақ жол бар. Қыстақта шамамен 60-қа жуық түтін болды.

Жоғарыда айтылған Туфан өзінің байланысшы бауырын ХАД өкілімен кездесіп, ақпаратты жеткізу үшін Фарахқа аттандырып, жақын арада Мухаммад Садықтың Чашмаға келетінін, біраз тынығып алып бірінші кездескен көлікпен Ауғанстаннан шығып кетпекші ойы бар екенін жеткізді. Сол түні жедел жиын өтіп, ол шекарадан өтіп кетпей тұрғанда "Қақпан" операциясын кешіктірмей ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Байланысшы Фарахтағы туысының үйінде қонып, ертесінде "Туфан" ағасына біздің тапсырманы жеткізетін болды.


Талғат Әмірғалиев. "Қақпан" арнайы операциясы алдында. 1987 жыл

Талғат Әмірғалиев. "Қақпан" арнайы операциясы алдында. 1987 жыл


"Қақпан" арнайы операциясының ұйымдастырылуы, жүзеге асырылуы жоғары деңгейде өтті. Туфанның көмегімен Мухаммад Садық екі оққағарымен қыстақтағы үйлердің бірінде қолға түсті. Таң ата екі арнайы топ Мухаммад Садықты алып Фарахқа жетті. Мухаммад Садық өздері жасаған қылмыстарын толықтай мойындады. Прокуратура оған ату жазасын сұрағанмен, сот Ұлттық татуласу саясатының күшіне енгенін және рақымшылық жасалғанын есепке алып оны 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесті. Үкім шыққанан кейін Мухаммад Садық "Пули-Чархи" түрмесінде кесілген мерзімін өтеу үшін Кабулға жөнелтілді.

"Қақпан" операциясында көрсеткен ерлігі үшін арнайы топты басқарған капитан Ахмадулла Ауғанстанның "Жұлдыз" орденімен наградталды, ал оның көмекшісі Туфан ірі ақшалай сыйлыққа ие болды. Кейіннен Туфан арнайы дайындықтан өтіп, Бала-Блук, Кухе-Сафед уездеріндегі көтерілісшілердің керуен жолдарында жұмыс істеді, құнды ақпараттарды рация арқылы хабарлап отыратын болды. Одан түскен мәліметтердің нәтижесінде бірнеше қарулы топтар жойылып, қару-жарақ керуендері қолға түсті. Кейіннен ол Чашма қыстағының басшысы болды, бандқұрылымның басшысы ретінде 70 шақты көтерілісшіні қаруларымен заңды түрде халық билігі жағына өткізді. 1988 жылы жазда Туфан АДР Қарулы күштеріне қызметке тұрды, онымен бірге Чашма қыстағының және сол маңдағы басқа да елді мекендердің тұрғындары әскери қызметке алынды. Оның АДР үкіметіне сіңірген еңбегі бағаланып, офицер шені берілді, Фарах қаласында орналасқан 21 ауған қарулы күштері дивизиясындағы барлау ротасының командирі болып тағайындалды.

Мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республиксы Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарына елдің жоғары басшыларын әр салалардағы өзекті, соның ішінде жабық барлау ақпараттарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстанның мүддесіне қызмет ететін ірі ауқымдағы шаралар өткізу жүктелді. Сол жылдары полковник Талғат Әмірғалиев ҚР ҰҚК Бас барлау басқармасындағы саяси барлау бөлімін басқарды. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелерінің бірін "бүркеніп" 1993, 1994, 1995 жылдарда және 1997 жылдың сәуір-мамыр айларында бірнеше мәрте Ауғанстанның орталық және солтүстік Балх провинцияларындаға Мазари-Шариф, Шиберген, Сари-Пуль, Джаузджан қалаларына қызметтік іссапарлармен шығып, ол жақтағы Ауғанстанның Солтүстік Альянс басшыларымен, олардың ортасымен кездесті. Бұл операциялар әлі жабық болғандықтан ештеңе айтылмайды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары